Басты бетЖаңалықтарАстана-Павлодар тасжолының бір бөлігін су басып қалды

Астана-Павлодар тасжолының бір бөлігін су басып қалды

«Астана–Шідерті–Павлодар–Успенка» республикалық автожолының бір бөлігін еріген қар суы басып қалды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлап отыр.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 2025 жылғы 19 наурыз сағат 01:50 шамасында ауа температурасының көтерілуі мен қардың жылдам еруі салдарынан «Астана–Шідерті–Павлодар–Успенка» республикалық автожолының 217-218 шақырымы аралығында жол жабынын су басу фактісі тіркелді. Су басқан учаскенің жалпы ұзындығы 100-150 метрді, ал су биіктігі 5-8 сантиметр болды.

Аталған учаске төмен орналасқандықтан, еріген су осы аймаққа шоғырланған. 217-шақырымда диаметрі 1×1 м болатын суөткізгіш құбыр бар, ол қазіргі уақытта ашық және тазартылған күйде жұмыс істеп тұр.

Тасқынның ары қарай жайылуын алдын алу және салдарын барынша азайту мақсатында 200 тонна құм мен 800 қап дайындалды, сонымен қатар бір экскаватор, бір тиегіш, үш самосвал, екі жол жөндеу қызметінің техникасы және ДЭУ-60-тың 30 қызметкері жұмылдырылды. 2025 жылғы 19 наурыздағы сағат 10:30-дағы жағдай бойынша көлік қозғалысы қалыпты режимде жүргізіліп жатыр, көліктердің жиналуы байқалмайды. Мамандар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажет шараларды атқарып жатыр, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да