Басты бетЖаңалықтар900 ауыл мектебінің шатыры мен терезесі жаңартылады

900 ауыл мектебінің шатыры мен терезесі жаңартылады

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 460 мың орындық 217 мектеп пайдалануға беріледі.

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлап отыр.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылдың өзінде жаңа форматтағы 105 мектеп оқушылар мен ұстаздарға есігін айқара ашты. Бұл мектептердің 40%-і ауылдық жерде орналасқан. 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 жайлы мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып жатыр.

Жемқорлардан тәркіленген қаржы есебінен толықтырылатын қордың арқасында 100 мың оқушы орнына арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның 74,4 мың орындық 61 мектебінде бүгінде балалар білім алып жатыр.

Сонымен қатар аудан орталықтары мен ауылдарда 1 000 мектепті модернизациялау жеті бағыт бойынша жалғасып жатыр. Кейінгі үш жылда 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, 2 мыңнан астам мектепке STEM, физика, биология, химия, ротоботехника заманауи кабинеттері орнатылды.

Мемлекетпен қабылданған теңдессіз шаралар мектептерде бала тығыздығы мен үшауысымды айтарлықтай шешуге мүмкіндік берді. Бүгінде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда, ал 4,9 мектеп екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. 2025 жылы тағы 300 мың орындық 200 мектептің салынуы жоспарланып жатыр, — деді оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Мектеп инфрақұрылымын бірыңғай форматқа келтіру аясында 1 300-ге жуық мектеп реновациядан өтеді. Оның ішінде 900 ауыл мектебі бар.

Министрлік хабарламасына сәйкес, бұл жоба үш жылға жоспарланған және тоғыз басты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның аясында мектептердің шатырлары ауыстырылады, сыртқы қасбеттері мен терезелері жаңартылады, инженерлік коммуникация желілері күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар мектеп аумағы абаттандырылып, көгалдандырылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да