Басты бетЖаңалықтарAmanat фракциясының депутаттары бірыңғай уақыт белдеуі бойынша үкіметтің шешімін қолдады

Amanat фракциясының депутаттары бірыңғай уақыт белдеуі бойынша үкіметтің шешімін қолдады

Бүгін мәжілістегі AMANAT фракциясы мүшелері өзгерген уақыт белдеуінің халықтың дене және психикалық саулығына, еңбек өнімділігіне және энергетикалық ресурстарды тұтынуға әсері туралы зерттеу нәтижелері бойынша үкімет есебін тыңдады.

Зерттеу жұмысы AMANAT фракциясының ұсынымын іске асыру шеңберінде 6 бағыт бойынша жүргізілген. Беделді ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми институттар тартылған. Зерттеу барысында географиялық параметрлері ұқсас әртүрлі мемлекет тәжірибесі назарға алынғсн.

Депутаттар алдында премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйледі.

Салыстырмалы талдау жұмысы Еуропадағы көптеген дамыған елде Қазақстанға ұқсас таң ату және күн бату мерзімі бар екенін көрсетті. Ол мемлекеттер осындай жағдайда белсенді дамып келеді. Адами капиталды дамыту бойынша да көрсеткіштері жоғары. Осыған байланысты үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді қолдай отырып,  оны толық негізделген деп санайды, – деді вице-премьер.

Ол зерттеу нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елдегі білім беру процесі нәтижесіне теріс әсер етпегенін, ЖКО мен көшедегі қылмыс жағдайына айтарлықтай әсерін тигізбегенін де растап отыр.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданында жұмыс кестесіне түзету енлі. Бұл бастаманы жергілікті тұрғындар қолдаған.

Халық қалаулыларының сұрақтарына сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және үкіметтің өзге де өкілдері жауап берді.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, алдын ала деректер халық өмірінің негізгі көрсеткішіне және экономиканың негізгі салаларының жұмыс істеуіне өзгерген уақыт белдеуінің тигізген теріс әсерін анықтаған жоқ.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қадамы денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс алып келгенін, аурулар саны төмендегенін айтты. Мәселен, жедел жәрдем шақыру саны 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендегені байқалды. Демек, уақытты ұтымды бөлу – қоғамдық денсаулыққа оң әсерін тигізіп жатыр дейді министр.

Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында үкімет уақыт белдеуін өзгерту азаматтардың тұрмысына және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуге тиіс екенін айтып өтті. Бүгін үкімет AMANAT фракциясының депутаттарына осы ғылыми зерттеудің қорытындысын таныстырды. Ол ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен жүріп, Қазақстанда бірыңғай уақытты енгізу туралы шешімнің ғылыми негізі бар екенін көрсетті, – деді мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.

Талқылау жұмысын қорытындылай келе, депутаттар үкіметтің ғылыми-зерттеу нәтижесін қабылдады. Депутаттар зерттеу қорытындысын қалың бұқараға жеткізу маңызды дейді.

Депутаттар үкіметке жергілікті билік органдарымен, мәслихаттармен бірлесіп, еліміздің бірыңғай уақыт белдеуіне көшу маңызы мен ғылыми негізі туралы арнайы түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынды. Бұл жұмысқа ғалымдарды, сарапшылар тобының өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын белсенді тарту керек. БАҚ пен әлеуметтік желілерде тиісті ақпараттық жұмыс ұйымдастыру қажет.

Халық сұранысы мен шетелдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті жерлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да