Ақтауда ыстық су құбыры жарылып, 10 жастағы бала күйіп қалды. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы хабарлап отыр.
Баланың анасы әлеуметтік желіге оқиғаның қалай болғанын жазған. Оның айтуынша, жарылған құбыр қараусыз қалып, баласы ыстық суға күйіп қалған.
15 шағынаудан 13 үйдің жанындағы құбыр тесіліп қалған. Еш жері қоршалмаған, сарылдап ыстық су ағып тұрған. 4 наурыз сағат 19.30 шамасында кешке сабақтан қайтқан балам тесіліп қалған суға аяғы тайып кетіп, беліне дейін күйіп қалды, — деп жазды баланың анасы.
Бала жансақтау бөліміне түскен.
2014 жылғы бала, екі сан, балтыр аймағының ІІ-ІІІ дәрежелі күйігімен ауруханаға жатқызылды. Денесінің 30%-і күйген. Баланың жағдайы ауыр. Есін біледі, бірақ мазасызданып жатыр. Науқас жансақтау бөлімінде ем алып жатыр, — делінген хабарламада.