1 наурызда таңертең Атырау облысында жүк көлігі жүк пойызына соғысып қалған еді. Апат болған жерді қалпына келтіріп жатқандықтан, алты жолаушылар пойызы жолда қалып қояды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ хабарлап отыр.
Мына пойыздар кешігеді:
- №313 «Атырау – Маңғыстау» ҰБТ;
- №314 «Маңғыстау – Атырау» ҰБТ;
- №42 «Алматы – Атырау» ҰБТ;
- №41 «Атырау – Алматы»;
- №123 «Волгоград – Ташкент»;
- №691 «Атырау – Ақтөбе» ҰБТ.
Атырау қаласы әкімдігі Атырау станциясынан жақын маңдағы Қараған станциясына дейін және кері бағытта жолаушыларды жедел тасу үшін автобустар бөлген.
Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды тамақтандыру жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді. SMS-хабарлау арқылы және вокзалдарда жолаушылар пойыздарының жүру жағдайы туралы ақпарат ұсынады. Жолаушылар 1433 нөміріне тегін қоңырау шалып, жолаушылар пойыздарының кешігуі туралы ақпарат ала алады, – делінген хабарламада.
Пойыз бір сағаттан артық кешіккен кезде жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтімдерін ҚР темір жол көлігімен тасымалдау ережесі бойынша, жолаушыларға мынадай төлем беріледі:
- жол жүруден бас тартқандар үшін-жол жүру құнын толық қайтару;
- жол жүру жолында сапарды үзген кезде-жүріп өтпеген қашықтық үшін жол жүру құнын қайтару;
- әр кешіккен сағат үшін өтемақы ретінде билет құнының 3%-ін беру (бірақ жол жүру құнынан аспайды).
Жолаушылар өтемақыны «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан ала алады.