Маңғыстау облысында құмар ойындары бизнесі бойынша екі автокөлік тәркіленді. Бұл туралы ҚМА хабарлап отыр.
ҚМА Маңғыстау облысының департаменті 2022-2023 жылдары компьютерлік зал атын жамылып заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Қатысушылардан ақшалай ставкалар банк аударымдары арқылы қабылданып, кейін олар арнайы платформада тіркеліп, ойындарға қатысу үшін логин, пароль және сілтеме беру арқылы жүзеге асқан. Нәтижесінде қылмыстық топтың жалпы табысы 77 миллион теңгеден асты, — делінген хабарламада.
Қаржылық тергеу барысында күдіктілер заңсыз жолмен табылған қаражатқа 36 миллион теңгеге екі автокөлік – Toyota Land Cruiser және Mersedes-Benz 320 сатып алғаны анықталған.
Сот үкімі бойынша, олар ҚР ҚК 307-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру) және 262-бабы 1-бөлігі, 2-бөлігі (ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оларға қатысу) бойынша кінәлі деп танылып, бестен сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды, — делінген хабарламада.
Қылмыстық жолмен алынған автокөліктер мемлекет пайдасына тәркіленген.