Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасы Харбинде өтіп жатқан 2025 жылғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Ал ерлер құрамасы тұңғыш рет алтын иеленді. Бұл туралы ҰОК хабарлап отыр.
Қыздар құрамасы 3000 метрлік қашықтықтағы эстафетада екінші орынға көтерілді. Финалда ел намысын Ольга Тихонова, Малика Ермек, Алина Әжғалиева және Яна Хан қорғады.
Алтын медальды Қытай жеңіп алса, Жапония үшінші орынға тұрақтады.
Шорт-тректен ерлер құрамасы алтын медаль иеленді. Қазақстан атынан эстафеталық жарысқа Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен қатысты.
Бұл Қазақстан үшін осы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль болды. Қазақстан финалда Жапонияны (екінші орын) және Қытайды (үшінші орын) басып озды. Ал фаворит Оңтүстік Корея командасы жарыстан шеттетілді.
Айта кетерлігі, Қазақстан шорт-тректен тарихта алғаш рет Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Харбинде шорт-трекшілер үш медаль алды, олардың бәрін эстафеталық жарыстардан еншіленді.
Бұған дейін шорт тректен Қазақстан құрамасы аралас эстафетадан күміс медаль алған еді. Артынша конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 100 метр қашықтықта екінші болып келді. Шаңғышы Константин Борцовқа қола жүлде бұйырды. Аяна Жолдас фристайл-акробатикадан үшінші орын алды.