Air Astana компаниясы 2023 жылдан бері «Жас Қыран» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарлама бойынша, 7-17 жас аралғындағы оқушыларға халықаралық шығармашылық, спорт, зияткерлік жарыстар мен байқауларға қатысу үшін ай сайын бес грант бөлінеді. Грант бір балаға және бір еріп жүретін адамға эконом-класта барып-қайтатын әуе билеті ретінде беріледі.
Baribar.kz тілшісі бағдарламаның грантын жеңіп алып, Жапонияға каратеден турнирге барып қайтқан Жасұлан Маратпен және оның әкесі Жәнібек Қожахметпен әңгімелесті. Ал қазылар алқасы мүшесі Наталья Еськова бағдарлама талаптарын түсіндіріп берді.
8 жасар каратеші Жапонияға қалай барып келді?
Жасұлан Марат сегіз жаста. Алматыдағы №204 мектепте 3-класс оқиды. Төрт жасынан бастап каратемен айналысады. Жасұлан 2024 жылғы сәуірде Жапонияға киокушинкай карате бойынша Бүкілжапондық турнирге барып қайтты. Спортшы жүлдемен оралып, 3-орын алды.
Карате денені де, миды да жаттықтырады әрі басқа жекпе-жектерге қарағанда қауіпсіз. Басқа зақым келмейді. Аяқ-қолды жарақаттан қорғайтын жабдықтар киіп аламыз. Аптасына үш рет 1,5 сағаттан жаттығамын, — дейді Жасұлан.
Жасұлан әкесі екеуі Air Astana-ның «Жас Қыран» бағдарламасы бойынша грант жеңіп алған соң, әуелі Оңтүстік Кореядағы Инчхон қаласына ұшқан. Өйткені Қазақстаннан Токиоға тіке ұшып баратын рейс әзірше жоқ.
Бұған дейін ұшаққа мініп көргем, сондықтан қорықпадым. Оның үстіне жанымда әкем болды. Инчхон деген қалаға 5-6 сағат ұшып бардық. Борттағы тамақ дәмді екен, — дейді спортшы.
Бағдарлама талабы бойынша, үміткер ұзақтығы бір минут болатын видео жіберуі керек. Видеода өзін таныстырып, грантты алуға бірден-бір лайық үміткер екенін дәлелдеуге тиіс.
«Жас Қыранға» жіберген видеода осы күнге дейін жеткен жетістігім туралы айтып бердім. Бұған дейін республикалық турнирлер мен Азия кубогында жүлде алғанмын. Жапонияға барып, турнирге қатысып, жеңгім келетінін де айттым.
Турнирге 13 елден 700 қатысушы барған. Жасұлан турнирде төрт қарсыласпен белдесіпті. Кілемге қорықпай шыққан, өйткені үйреніп қалыпты. Жанында әкесі қарап тұрғаны және бар.
Қарсыластың үшеуін жеңіп, біреуінен жеңіліп қалдым. Төртінші каратеші жапон бала еді. Жеңілсем, мұңайып қалам, бірақ әкем жұбатады. Есесіне жарыстан қола медаль алып, жүлдеді қайттық, — дейді Жасұлан.
Жасұлан каратені не себепті таңдаған?
Бүгінгі каратеші болашақта ұшқыш болуды армандайды. Спорттың ішінде киокушинкай каратені таңдағаны тегін емес. Өзінің айтуынша, ұшқыш болу үшін ми керек, ол үшін басқа зақым келмеуге тиіс. Карате — басқа зақым келмейтін жекпе-жек түрі.
Біздің дронымыз бар, соны ұшырып үйрендім. Ал былтыр қыста парапланмен ұшып көрдім. Үлкен тауға шықтық, сосын мен инструктормен ұштым. Қорыққаным жоқ, қолыма камера алып, жерді түсіріп отырдым. Төмендегінің бәрін көре алады екенсің, — дейді болашақ ұшқыш.
Жасұлан ұшқыш болу үшін әлден ағылшын тілін оқып жүр. Болашақта шетелге ұшып барып келсем деген мақсат қойыпты.
«Бағдарламаға өтінімді 3 ай бұрын жібердік»
Жасұлан — Жәнібек Қожахметтің тұңғышы. Балаларының бәрі спортпен айналысса дейді. Сол үшін де үлкенін каратеге берген. Енді ұлын шетелдерге турнирге апару үшін еңбектеніп жүр.
«Жас Қыран» бағдарламасы туралы Air Astana-ның Instagram парақшасынан көрдік. Компанияның сайтына кіріп, бағдарлама туралы егжей-тегжей біліп алдық та, өтінім жібердік. Бағдарлама талабы бойынша, өтінімді шетелге барардан кемі екі ай бұрын жіберу керек. Біз ертерек қамданып, үш ай бұрын жібердік, — дейді Жәнібек.
Жәнібек өтінім жіберген соң, бір айдан кейін бағдарлама менеджері хабарласып, грант жеңіп алғанын айтқан.
Компания өзі ұшатын бағыттар бойынша билет береді. Токиоға тіке рейс болмағандықтан, Оңтүстік Кореядағы Инчхон әуежайына дейін ұшып бардық. Air Astana ұлым екеуіміздің барып-келу билетімізді төлеп берді. Инчхоннан Токиоға дейін өзіміз ұшып бардық, — деді Жасұланның әкесі.
Елге оралған соң, Жасұлан компанияның Tengri деген журналына сұхбат беріп, кәсіби фотосессия жасапты.
Балаларымның болашағы маңызды. Келешекте баспен істейтін жұмыста жүргенін қалаймын. Спортты серік етіп өссе деймін. Спорт қуып кетпесе де, бұл денесі шымыр болуына, ақыл-ойы дамуына жақсы әсер етеді. Жасұлан жүзуге қатысқан, паркурмен айналысқан. Спортпен қатар шығармашылығы дамуына да мән береміз. Домбыра мен гитара тартуды үйрететін курсқа барып жүр, — дейді Жәнібек.
Наталья Еськова, AYALA қайырымдық қорының коммуникация бойынша вице-президенті, «Жас Қыран» бағдарламасының қазылар алқасына мүше:
Қазылар алқасында қанша адам бар?
«Жас Қыран» байқауының қазылар алқасына 2023 жылдан бері мүшемін. Қазылар алқасы құрамында тағы бес тәуелсіз мүше және Air Astana әуе компаниясының әртүрлі департамент өкілі бар.
«Жас Қыран» бағдарламасының критерилері қандай?
Бағдарлама бойынша, ай сайын халықаралық шығармашылық, спорт, зияткерлік жарыстарға қатысу үшін бес грант бөлінеді. Грант бір балаға және бір еріп жүретін адамға эконом-класта барып-қайтатын әуе билеті ретінде беріледі.
Грант алуға 7-17 жас арасындағы балалар өтінім бере алады. Олар Қазақстан азаматы болуға тиіс және жарысқа (байқауға, олимпиадаға және т.б.) ресми шақыруы болуы керек. Өтінімді сапардан екі ай бұрын [email protected] мекенжайына жіберу керек.
Бағдарлама ережесін мына жерден оқуға болады. Өтінім формасын мына жерден жүктеп алу керек.
Қазылар алқасының жұмысы қалай жүреді?
Air Astana қызметкерлері балалардың бір айда түскен өтінімін арнайы тәртіп пен нақты критерий бойынша жинап, бір файлға салады. Өтінімдерді тексеріп, талдау үшін файлды қазылар алқасына жібереді.
Әрқайсымыз құжаттарды бөлек-бөлек қарап шығамыз, шетелдегі жарысты ұйымдастыратындардың сайтын тексереміз, балалардың видеосын көреміз. Сосын бәріміз айына бір рет конкурс комиссиясы отырысына жиыламыз. Қазылар алқасының әр мүшесі өз пікірін айтуға және бағдарламаның кез келген қатысушысына дауыс беруге мүмкіндігі бар. «Жас Қыран» бағдарламасы гранты қазылар алқасының көп даусын алған адамға беріледі.
Байқау критерилерін сақтаған қаншалық маңызды?
Байқау кейінгі екі жылда танымал болып кетті. Сондықтан ай сайын бес баланы таңдап алу қиындау. Дегенмен байқау критерилері шешім қабылдауға көмектеседі. Себебі барлық баланың өтінімі критериге сәйкес келе бермейді. Грантты өтінімді байқау критериі бойынша толық толтырған балалар ғана алады.
Балалар көбіне қай бағыт бойынша өтінім жібереді?
Өтінімнің басым бөлігі Алматы мен Астанадан келеді, бірақ Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе, Атырау сияқты облыс орталықтары да бар. «Жас Қыран» кез келген халықаралық жарысқа – спорт, өнер, нақты ғылымдар, бағдарламалау, робототехника бойынша қатысуға өтінім қабылдайды.
Байқағаным, балалардың көбі әлемдік, азиялық түрлі деңгейдегі халықаралық шахмат турниріне қатысуға ұмтылады екен. Би және вокал сайыстарына қатысатындар да болды. Олар көбіне БҰҰ тұрақты даму бойынша халықаралық байқауларға жиі барып жүр.
Осы уақытқа дейін қанша бала грант алды?
2023 жылдан бері бағдарлама грантын алған 40-тан астам бала дүниежүзіндегі ондаған халықаралық жарысқа, байқауға және олимпиадаға барып қайтты.
«Жас Қыран» жобасының мақсаты – балаларға талантын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беру және кез келген мақсатқа жете алатындарына сенім ұялату. Air Astana ұсынған осындай мүмкіндік мақсатқа жетуге көмектеседі.