Қаскелеңнен Алматыға апаратын жол сегіз жолаққа дейін кеңейтіліп, бес арнайы көлік эстакадасы салынады. Бұл туралы Алматыға жұмыс сапары арқылы барған көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Жұмыс президенттің Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіледі.
Құрылыс екі кезеңде жүргізілмек. Бірінші кезең аясында ҮАААЖ-нан (Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы) Қаскелең өткеліне дейінгі учаске қамтылса, екінші кезеңде Қаскелең өткелінен Әйтей ауылына бұрылатын тұсқа дейінгі учаске қамтылмақ. Жобалау жұмыстары басталды.
Бұл шара көлік қатынасын жақсартуға және жол жүру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Учаскеден тәулігіне 60 мыңнан 90 мың көлікке дейін өте алады. Жол кеңейген соң кептеліс азаяды. Автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер үшін қозғалыс қауіпсіз болуы үшін мамандар 12 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салады.