Басты бетPushАстанада жалға беру бағдарламасымен...

Астанада жалға беру бағдарламасымен алған пәтерді «Елорда жастары» арқылы сатып алуға болады

Бес жыл бұрын Астанада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығы жоқ алғашқы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еді. Бағдарлама арқылы жалға пәтер алғандар енді оны «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы сатып ала алады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлап отыр.

2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға арналған бес жылдық жалға берілетін баспана бағдарламасына қатысуға 17 мыңға жуық адам өтініш берген. Осы уақыт ішінде оларға үш мыңнан астам пәтер берілген.

«Елорда жастары» бағдарламасы аясында еңбек шарты жарамды жастарға, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, полиция және тағы басқа салаларда жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі азаматтарға басымдық беріледі.

Негізгі шарт – Астанада тұрақты тіркеудің болуы, кейінгі бес жылда жылжымайтын мүлік болмауы және табысы сай болуы қажет.

«Бағдарламаға қатысатындар 18 миллионға дейін пәтер таба алады, ал бастапқы төлем 10% – 1 миллион 800 мың теңге, ол 19 жылға, 5 пайызбен беріледі. Менің ойымша, бұл өте тиімді. Олар қайталама нарықтан да, бастапқы нарықтан да пәтер сатып ала алады», — дейді елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Балжан Қолғанат.

Толық ақпарат zhilfond.kz сайтына және тұрғын үй қорының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жарияланады.