Басты бетЖаңалықтарФермерлерге арналған...

Фермерлерге арналған 5%-тік кредиттің берілетін уақыты жарияланды

Аграрлық кредиттік корпорацияның басшысы Алмат Әшірбеков фермерлерге арналған 5%-тік кредиттің берілетінін уақытын атады.

Бұған дейін президент көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несиені желтоқсан айынан бастап беруді тапсырған болатын. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажет тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады.

Аграрлық кредиттік корпорацияның басшысы Алмат Әшірбековтың айтуынша, қазіргі кезде өтінімдерді қабылдау басталды. Биыл алғаш рет көктемгі егістік жұмыстарына арналған кредиттер желтоқсанда беріледі.

Біз қараша айында өтінім қабылдауды бастадық. Қазіргі кезде қажет шараларды атқарып жатырмыз. Соның ішінде нарықтан қаржыны тарту жұмыстары да бар. Алдағы 29 қарашадан бастап келесі жылғы көктемгі егістік жұмыстарын 5%-тік мөлшерлемемен қаржыландыруды бастаймыз, — деді Алмат Әшірбеков мәжілісте өткен жиында.

Жеңілдетілген кредит алған шаруалар оны 2026 жылғы наурызға дейін қайтаруы қажет.