Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысында жалған ақша сатумен айналысқандар ұсталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Алматыда жалған 100 долларлық купюраларды сатумен айналысқан топ анықталды. Қылмысқа қатысушылардың бірінің тұрғылықты жерін тінту барысында 149 дана (14 900 АҚШ доллары) жалған доллар табылды, — деп жазылған хабарламада.
Құқық бұзушылар ұсталып, сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында қаржылық мониторинг агенттігі полициямен бірлесіп жалған валютаны өткізу фактісін анықтады.
Бір топ адам Орал қаласындағы лотерея клубтарының бірінде жалған 25 000 АҚШ доллары мен 10 000 евро өткізген деген күдікке ілінді. Күдіктілер бәс тігу мақсатында бұл қаражатпен шоттарын толықтырған. Жалған ақшаны сатушыға қатысты соттың санкциясымен «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді. Алынған жалған банкноттардың жалпы сомасы 43 миллион теңгеден асады.
Биыл жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін сегіз адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.