Жұмыс күні болғандығына қарамастан Шымбұлақ келушілерге лық толы. Күн сайын тау-шаңғы курортына 1500 адам келіп, серуен құрып, сырғанақ теуіп кетеді екен. Былтырғы жылы бір тәулік ішінде 7000 адам қабылдап, рекорд орнатқан демалыс орны жаңа-жылдық мейрамдардан кейін бір күнде 10500 қонақ қабылдап өз рекордын жаңартыпты. Саф ауамен тыныстап, шаңғы мекенін тамашалаушылардың 20 пайызы шетелдік саяхатшылар екен.
ЕЛИЗАВЕТА ЕРШОВА, Ресейлік саяхатшы:
— Тамақтану орындары тек премиум санатында екен, бағалары содан болар қымбатырақ. Ал қонақүйдегі жатын орындарымызды жеңілдетілген акциямен 5 күнге 160 мың теңгеге алдық.
Ал қалтасы жұқа қарапайым халық Шымбұлақтың шыңына көтеріліп, жаяу серуендеп, суретке түскендеріне мәз. Себебі бір адамның шаңғы тебуі үшін кететін шығын елдің шымбайына батуда.
Есептеп көрсек, аспалы жол арқылы Шымбұлаққа көтеріліп-түсу кем дегенде 2500 теңге тұрады екен. Бір күндік сырғанау абонементі жай күндері 5500, демалыс күндері 8000 теңге тұрса, шаңғыны жалға алу құны 3000 теңгеден басталады. Су сіңбейтін арнайы киім-кешек пен қорғаныс көзілдірігі кемі 4000 мыңға шығады. Инструктордың бір сабағы 8 мың, тамақтансаңыз 10 мың тағы қосылады. Барлығын бірге есептегенде адам басына 41 мың теңге шығады екен.
Іле Алатау шатқалының 2510 метр биіктігінде орналасқан Шымбұлақ Қырғызстанның Қаракөлі мен Грузияның Гудауриін артта тастап, осымен бірнеше жыл қатар ТМД елдерінің ішіндегі ең қымбат тау-шаңғы курорты болып есептелуде. Ресейлік Октого сайтының ақпаратына сәйкес, дәл осындай коттедждерде жайғасып, тамақтану шығынын қоса есептегенде Шымбұлақтағы бір күндік демалыс 95 долларға бағаланған екен.
Қымбатшылығына қарамастан Шымбұлақтың қызмет көрсету сапасы ақсап тұрғандығын мәжілісмен Нұрлан Жазылбеков фейсбуктегі парақшасына жазған болатын. Депутат бағасы аспандап тұрған курорттың дәретханасын көрген туристер мұрын шүйіріп, кіруге жиіркенгені туралы жазған еді. Оған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің өзі жауап беріп, тауға био туалет орнату туралы ұсыныс жасаған болатын. Алайда кешен қызметкерлері ауа-райының қолайсыздығына байланысты шатқал төңірегінде Био туалет орнату мүмкін еместігін айтты. Жабық тұр деп, басы дауға іліккен әжетхананы көрсетуден де қашты.
САЯ ОҚАС, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының менеджері:
— Әлеуметтік желілерде аталған дәретханалар қызметтік болып саналады. Әр стансада құтқарушылар сияқты 24 сағат бойы жұмыс істейтін қызметкерлеріміз бар. Бұл орын соларға арналған. Одан бөлек Шымбұлақта 130-дан астам дәретхана жұмыс істеп тұр, олардың 117-сі келушілерге арналған.
Жалпы шенеуніктеріміздің дені тауға шығып, шаңғы тебуді жиі ермек етеді. Бірақ, олар ондағы бағаның қолжетімді болуына тіпті де назар салмайтын сияқты. Мүмкін, оларға бұл бағалар су тегін секілді көрінетін болар?!
Жанар Жолтаева, Данияр Жүсіпов.