Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қабылданды.
Заң жобасын таныстыра отырып, ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Қазақстанның жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еркіндігін кеңейту дегеніміз ЖОО-ларға студенттерді қабылдауға, құрылым тәртібін, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және ғылыми-білім беру қызметі бойынша еншілес ұйымдарды құруына құқық беруді білдіретінін атап өтті. Бұған дейін осындай артықшылықтар тек ұлттық ЖОО-ларда ғана болған.
Бұдан өзге, Ұлттық біліктілік шеңберіне біріктіріле отырып білім беру бағдарламаларын әзірлеу қағидасы енгізілетін болады. Осының арқасында ЖОО-лар білім беру нәтижелері мен өздерінің құзыреттіліктерінің негізінде дербес білім беру бағдарламаларын әзірлей алатын болады. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарын лицензиялау жүйесі де өзгереді. Егер бастапқыда тек мамандық лицензияланған болса, ендігі заң жобасы қабылданған соң жалпы дайындау бағыты да лицензияланатын болады.
Бүгінгі таңда жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беруде шамамен 600 мамандық бар, жаңа тәсіл енгізілгеннен кейін даярлаудың 10 бағыты пайда болады, оның ішінде ЭЫДҰ елдеріндегідей, ЖОО-лардың 600-ден де көп дербес білім беру бағдарламалары болады.
Сонымен қатар, студенттерге де екі бағыт бойынша оқудың дербес жолын қалыптастыру құқығы берілетін болады, яғни: пәндерді тереңінен меңгеру және пәндерді қосымша меңгеру. Қосымша меңгеруде бір мамандықта оқып жүрген студенттер өз білімдерін толықтыру үшін қосымша мамандықты да игеруге мүмкіндік алады.