Бүгін Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен арқан тартыстан республикалық турнир өтті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар өзара кіл мықтыны анықтады.
Арқан тартыс жарысының бас ұйымдастырушысы, республикалық спорт және мәдениетті дамыту жөніндегі қоғамдық бірлестіктің басшысы Әлішер Исламның айтуынша, турнирге 10 команда қатысады.
«Бүгінгі іс-шара халқымыздың арасында арқан тарту спортын насихаттау мақсатында өткізіліп жатыр. Біраз уақыт бұрын республика көлемінде жарыс өткізу идеясы қозғалған. Неліктен арқан тартыстан десеңіздер, бұл спортта судья ешқандай нәтижеге ықпал ете алмайды. Ең мықтылары ғана жеңіс тұғырынан көрінеді. Оған қоса біз үнемі еркін күрес, бокс секілді басқа да спорт түрлерінен спартакиада өткіземіз. Бүгінгі турнирді әртүрлі спортпен айналысып жүрген жастардың басын қосып, достық байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырдық. Жан-жақтан келген спортшылардан 10 команда құрылды. Олардың арасында Көшпенділер ойынына қатысқан Қазақстан құрамасы да бар. Қазақ күресі мен еркін күрес федерациясының өкілдері де бар. Бұл сайыс елімізде бірінші рет өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта студенттер және кәсіби спортшылар арасында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», — деді Әлішер Ислам.
Астана қалалық мәслихатының депутаты Естек Қанат жастар арасында ұлттық спортты насихаттаудың маңызына тоқталды.
“Астана төрінде ұлттық спорттың бір түрі — арқан тартыстан жарыс өтіп жатыр. Ежелден келе жатқан ұлттық ойынымызды тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың. Алыптар мен батырлардың басы қосылып, бәсеке қыза түспек. Біз үшін осындай жарыстарды өткізу өте маңызды. Бүгін ғана нашақорлыққа қарсы заң жобасын қарап жатырмыз. Жастар арасында спортты насихаттай отырып, олар теріс бағытқа адаспай, өз денсаулықтары мен өміріне жауапкершілік алады деп сенеміз. Ұлттық ойындармен белсене айналысатын болады”, — дейді депутат.
“Абырой” құрамасының мүшесі Қанатбек Әлішер бұрын еркін күрес спортымен айналысқан. Ол турнирдегі алғашқы қарсыластарын қалай жеңгенін айтып берді.
“Біраз уақыттан бері елімізде арқан тартыс жарысы трендке айналып келеді. Біз де өз күшімізді сынап, жеңіске жеткіміз келеді. Міне, қазір ғана алғашқы қарсыластарымызды жеңдік. Оңай қарсылас жоқ. Бәрі де мықты. Мамыр айынан бастап дайындалып, Көшпенділер ойынына, одан кейін осы жарысқа келдік. Айбар және Ержан атты бапкерлеріміз басымызды қосып, бір құрама жасақтап шығарды. Бұған дейін Атырау қаласында 3-орын алсақ, желтоқсан айында Өскемендегі жарысқа барамыз. Өзім қазақша күреспен айналысқам, арамызда боксшылар да, штанга көтеретін спорт өкілдері де бар”, — дейді Қанатбек Әлішер.
“Абырой” құрамасының 2025 жылы өтетін Көшпенділер ойынында бірінші орын аламыз деген мақсаты бар екенін атап өтті.
“Арқан тартыста маңыздысы күш емес, техника. Көпшілік спортшының дене бітімінің ірілігіне қарап, жеңеді деп ойлайды. Құрамадағылар бір-бірін сезіп, әрекет еткені жөн. Арқанды біреуі тартқанда екіншісі тартпай қалса, әлбетте, жеңіліске ұшырайды. Аяқтың күші, техникаға көңіл бөлеміз. Кейде алып жігіттерді аласа бойлылар тартып кетеді. Сондықтан шыдамдылық, командалық рух маңызды рөл ойнайды”, — дейді ол.
Айта кетейік, турнирге “Абырой 1”, “Абырой 2”, “Қол күрес Өскемен”, “Алатау жарық компаниясы”, “Дала қырандары”, “Гиревой спорт Өскемен”, “Грэпплинг Астана”, “Қазақ күресі”, “Барыс”, “Invictus Go”, “Batyr team”командалары қатысты. Бірінші орын жүлдегеріне 500 мың теңге, екінші орын алған құрамаға 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге ақшалай сыйлықтар мен кубоктар табысталады.