Kaspi.kz Culper Research жариялаған зерттеу есебіне түсініктеме берді.
Kaspi.kz компаниясының басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе бұл алыпсатарлардың шабуылы екенін айтып отыр.
Бұл – алыпсатарлар жасаған шабуыл. Оның мақсаты — қысқамерзімді саудагерлердің жылдам пайда табуын қамтамасыз ету. Есеп шындыққа жанаспайды, қате ақпарат беріп, инвесторларды шатастыру үшін әдейі жасалған. Біз акциялары 2020 жылдан бастап Лондон қор биржасында сатылған және жақында NASDAQ-та сатыла бастаған, реттелетін, ашық компаниямыз. Реттеуші қойған талаптар бойынша, ақпаратты үнемі ашық жариялаймыз. NASDAQ-тағы кейінгі IPO барысында кең ауқымды құқықтық тексеруден өттік. Өз өнімдерімізге, есептілігімізге, сәйкестік бағдарламаларына және бақылау құралдарына сенімдіміз. Әдеттегідей ұзақмерзімді стратегиямызға мән береміз, — деді Михаил Ломтадзе.
Kaspi.kz туралы
Kaspi.kz-тің миссиясы – сүйікті клиенттеріміз бен серіктестеріміздің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтерді жасау. Инновациялардың ортасында еліміздегі ең танымал Kaspi.kz мобильді суперқосымшасы тұр, оны 14 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады. Қосымша еліміздегі жетекші электронды сауда, төлем және қаржылық қызметтерді қамтиды.
Қазақстан азаматтары Kaspi.kz суперқолданбасында тегін жеткізу арқылы тиімді онлайн зат сатып алады, комиссиясыз төлемдер мен аударымдар жасайды, жеке қаражаттарын басқарып, ұшақ және пойыз билеттерін, турлар сатып алады және ең танымал мемлекеттік қызметтерді қолданады.
Kaspi.kz бизнес үшін Kaspi Pay суперқолданбасын да жасады, оны Қазақстандағы 700 мыңға жуық кәсіпкер қолданады. Kaspi Pay арқылы кәсіпкерлер бизнесін дамытуға қаржы алып, төлем қабылдайды, жарнамалық кампанияларды іске қосады, салық төлейді, электронды коммерция платформасына және жеткізу қызметіне қосылады, ол арқылы тауарларын бүкіл ел аумағында сатады.