Президент Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасарын тағайындады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Мемлекет басшысының өкімімен Әли Сапарғалиұлы Алтынбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, — делінген хабарламада.
Әли Алтынбаев 2022 жылғы маусымнан бері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған еді.
Ол 2001-2020 жылдары ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің атқарушы және басшылық лауазымдарында жұмыс істеді. 2020-2021 жылдары ҚР ҚМА Экономикалық тергеу департаментінің басшылық лауазымдарын атқарған. 2021-2022 жылдары ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы ҰҚК төрағасының орынбасарлары Руслан Сейсембаев пен Асқар Әмірхановты қызметінен босатқан еді.