Басты бетPushБұрынғы қорғаныс...

Бұрынғы қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаев «Халық қаһарманы» атағын алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаевқа айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендерін салтанатты түрде табыстады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

«Ақорда» резиденциясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевты «Халық қаһарманы» атағымен және айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендерімен марапаттау рәсімі өтті.

Жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сәт Тоқпақбаевты қалың жұртшылық құрметтейтінін, оның еңбек жолы ел өмірімен тығыз байланысты болғанын айтты.

Сіз қастерлі Отанымызға адал қызмет еттіңіз. Енді ғана тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болған жылдары аса жауапты міндеттерді атқаруға білек сыбана кірісіп кеттіңіз. Еліміздің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін орасан зор үлес қостыңыз. Шын мәнінде, мұны нағыз ерлік деп бағалауға болады. Қазір де қоғамға пайдалы істерді атқарып жүргеніңізді біз жақсы білеміз. Еліміздің лайық азаматысыз, – деді мемлекет басшысы.

Сәт Тоқпақбаев 1993-1995 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған, 1999-2001 жылдары қорғаныс министрі қызметін атқарған. 2007-2016 жылдары мәжіліс депутаты болды. Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев 17 қыркүйек күні 85 жасқа толады.