16 қыркүйекте қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Түркия Республикасынан Қазақстан азаматы экстрадицияланды. Күдікті 27 миллион теңгені заңсыз иемденген болуы мүмкін. Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.
Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы коммерциялық ұйымның бухгалтері бола отырып, төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған 27 миллион теңгеге жуық ақшалай қаражатын заңсыз иемденген, — делінген хабарламада.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған, осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған еді.
Биылғы тамыз айында ол Түркия аумағында ұсталып, содан кейін Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.