Түркия азаматы алтын ісі бойынша Қазақстанға экстрадицияланды

Әзербайжаннан трансұлттық ұйымдасқан топ мүшесі экстрадицияланды. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Бас прокуратура мен ІІМ қызметкерлері сыртқы істер министрлігі көмегімен трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Түркия азаматын экстрадициялады.

Ол 2020 жылғы шілде мен тамыз аралығында трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында Қазақстаннан 24 келіден аса алтынды контрабандалық жолмен әкетуге қатысқан деп күдіктеледі. Осы қызметтің нәтижесінде мемлекетке 633 миллион теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін қатысушылар тергеуден жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған, — делінген хабарламада.

2023 жылғы шілдеде күдікті Әзербайжан аумағында ұсталған.

Қазіргі уақытта ол Астананың уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, сегіз жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — делінген хабарламада.