Басты бетЖаңалықтарАлматыда пара...

Алматыда пара туралы хабарлағандарға 4 млн теңгеден астам сыйақы берілді

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша департаменті биыл пара туралы хабарлаған алты азаматқа 4 млн 486 мың теңге сомасында сыйақы берілгенін хабарлады.

Сыйақының ең көбі — пара сомасының 10%-і, яғни 3 млн. 745 мың теңге болған.

Сыйақы сомасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді. Пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (3 млн. 692 мың теңге) аспайтын хабарлама үшін сыйақы 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (110 760 теңгеден 369 200 теңгеге дейін) беріледі. Көрсетілген сомадан жоғары болса – сыйақы параның 10%-іне тең болады, бірақ 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауы қажет (14 млн. 760 мың теңге), — делінген хабарламада.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған немесе заңсыз сыбайлас жемқорлық бұзушылықтардың байқаусызда куәгері болған азаматтар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келесі тәсілдердің бірімен жүгіне алады:

  • Алматы қаласы, Жібек жолы көшесі, 15 мекенжайы бойынша департаментке өтініш жазу;
  • «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініш қалдыру;
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына хабарласу.