Алматыда сауда желілерінде кейіннен сату үшін 4,5 мың тонна қант сатып алынды. Бұл туралы мегаполис әкімдігі хабарлады.
Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бағаның өсуіне жол бермеу үшін «Алматы «ӘКК» АҚ тауар биржасында сауда-саттық нәтижелері бойынша 4,5 мың тонна қант жеткізуге шарт жасасты.
Отандық өндірістегі қант қаланың сауда желілеріне белгіленген сату бағасы бойынша – келісіне 380 теңгеден аспайтын бағамен сатылады. Өз кезегінде қант сататын бөлшек саудагерлер сату бағасына 10%-тен аспайтын үстемеақыны сақтайды. Бұл шара Алматыдағы қант бағасын 2025 жылғы қыркүйекке дейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2023 жылы қарашадан 2024 жылы тамызға дейін «Алматы «ӘКК» АҚ қаланың сауда желілері арқылы белгіленген сату бағасы бойынша 3 мың тонна көлемінде қант сатты.