Ата-аналарға балаларды ерте жастан күту және дамыту бойынша консультациялық көмек көрсету үшін «Беске дейін үлгер» мобайл қолданбасы іске қосылады.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мобайл қолданба үйде бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға денсаулық, тамақтану, тәрбие, дағдыларды қалыптастыру мен дамыту және өзара қарым-қатынас құру бойынша қолжетімді ақпарат ұсынады, — дейді ведомство.
Қолданбаның мазмұны әлемдік институттардың нейробиологиялық зерттеулерінің ғылыми деректері негізінде әзірленген және біздің мәдени-тарихи құндылықтар ескерілген.
Қазіргі уақытта қолданба Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының мектепке дейінгі ұйымдарымен бірлесіп пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Оны толық масштабтау қараша айында жүзеге асырылады. Сонымен қатар оның мазмұны сабақтарға арналған идеялар мен практикалық кеңестер ұсыныла отырып, консультациялық орталықтарда пайдаланылатын болады, — деді мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.
Айта кетейік, мобайл қолданба мектепке дейінгі ұйымдардың консультациялық пункттерінде қолжетімді болады. Ата-аналар мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу және дамыту мәселелері бойынша тәулік бойы әдістемелік және психологиялық көмек ала алады.
