2025 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,4 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
Бюджеттің келесі басым бағыты – өңірлерді қолдау. 2025 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты 348 млрд теңгеге ұлғая отырып 7,4 трлн теңге бөлінетін болады. Бюджеттің жалпы шығыстарындағы үлесі шамамен 30% болды, — деді министр.
Оның айтуынша, бөлінген қаражаттың нәтижесінде 2025 жылы халықты сумен жабдықтау қалаларда 99,6%-ке дейін, ауылдық елді мекендерде 98%-ке дейін қамтамасыз етіледі. Жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 51%-ке дейін төмендетіледі. 51 515 адам мен үш ауылдық елді мекеннің табиғи газға қолжетімділігін қамтамасыз етіледі. Халықты газдандыру деңгейі 2025 жылы 62% болады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көлік инфрақұрылымының 18 объектісін, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен 91 әлеуметтік объектілерді жаңғырту жоспарланып отыр, — деді Мәди Тәкиев.