Ұйықтағанда қорылдауды қалай емдеуге болады?

Біріншісі — созылмалы қорыл. Бұл жас күнінен қорылдап ұйықтайтын адамдардың дерті. Оның емделу тәсілі ұзақ уақытты алады.

Екіншісі —  жедел асқынған қорыл. Онымен кішкентай балалар және қыз-келіншектер ауырады. Оны тыныс алу жолының жаттығулары арқылы емдеп жазуға болады.

Қорылдаушылардың қатарында тыныштандыратын дәріні көп қолданатындар да бар. Аталған дәрі құрамындағы заттар бас бөлігінің жұмсақ тіндеріне әсер етіп, тыныс жолдарының жұмысын әлсіретеді. Әсерінен ұйықтап жатқан адам қорылдай бастайды.

Қорылдау — аса қауіпті дерт емес. Бірақ қорылдаған кезде тыныс тарылып, дем шығару кезінде үзілістер пайда болады. Мамандар мұны ұйқы апноэсі деп атайды.

Қорылдаушы бұл әрекетімен жанындағыларға ғана кедергі келтіріп қоймай, өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрі ұйықтағанымен ұйқысы қанбай, шаршаңқы күйде оянады. Қорыл ми жұмысының бірнеше функциясын бұзып, қалыпты ұйқының жұмысын бәсеңдетеді.

Егер адам апноэ белгісімен ұйықтайтын болса, таң атқанға дейін тыныс алу 30 рет үзіледі екен. Ал кейбір науқастарда 600 рет үзіледі. Бұл адамдарда ми, жүрек, өкпе және тамақ аурулары пайда болады. Ең қауіптісі жүрек талмасы мен инсульт. Үзіліспен қорылдау осы ауруларды тудырады. Қорылдап ұйықтайтын адам өзінің бұл әрекетін әлбетте сезбейді. Бірақ олардың ұйқысы тынық болады деп айту қиын.

Ауаны дұрыс жұтына алмағандықтан таңертең басы ауырып, көзі қызарып оянады. Ал түнде көп терлейді, кіші дәретке жиі шығады, белсіздік белгілері пайда болып, есте сақтау қабілеті нашарлайды.

Қорылды емдеу үшін не істеу керек?

1. Ұйықтағанда қорылдамау үшін жұмсақ таңдайды шынықтыратын жаттығулар жасау керек. Ол үшін «и» дыбысын жұтқыншақ, таңдай, мойын бұлшық еттерін керней отырып, созыңқырап, бірнеше рет қайталап айту керек. Мұндай жаттығуды таңертең және кешке 25-30 реттен қайталаған жөн.Аталған әрекетті күн сайын үзбей жасаса, жарты айдан соң жағымсыз қорылдан біржола құтылуға болады.

2. Шалқаңыздан жатпауға тырысыңыз. Жантайып ұйықтау ауа циркуляциясын дұрыс жолға қояды.

3. Егер салмағыңыз шамадан тыс көп болса, арықтауға тырысыңыз. Ер азаматтардың дене салмағы қалыпты мөлшерден 20 % -ға артық болса, ал әйелдер қалыпты дене салмағынан 30 – 40%-ға артып кетсе, аталған әдеттің иесі атанып шыға келеді.

4. Шылым шегуді тастаңыз немесе ұйқы алдында шылым шекпеуге тырысыңыз. Спирттік ішімдік ішіп ұйықтау да қорылдауға жол ашады.

5. Ұйықтар алдында көп мөлшерде ішімдік ішпеңіз. Биік жастықты жастанбауға тырысыңыз.

6. Ұйықтайтын бөлмеңізде ультрадыбысты ауа дымқылдатқышты қолданыңыз, бұл әсіресе қыс мезгілінде қажет.

7. Ұйықтайтын бөлмеде гипоаллергенді орта қалыптастырыңыз: кілемдерді тазалап, өсімдіктерге аллергияңыз болса, бөлмеде қалдырмаңыз, бөлмеге жануарларды кіргізбеңіз, жүннен, қауырсыннан тұратын емес, заманауи табиғи немесе синтетикалық материалдардан тігілген жастықтар мен жамылғыларды пайдаланыңыз.

Егер осы шараларды жасап көргеннен кейін нәтиже көрінбесе, дәрігерге жүгінгеніңіз жөн. ­­Өйткені бұл жай ғана қорыл емес, апноэ синдромы болуы әбден мүмкін.

ДереккөзOtyrar.kz