Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап көруден басталды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның бас директоры Вадим Басин Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмір өндірісі бөлімшесін дамыту жөнінде баяндады.
Атап айтқанда, былтыр көмір тек үш шахтадан өндірілсе, енді президент тапсырмасына сай қысқа мерзім ішінде барлық сегіз шахтадағы жұмыс қалпына келтірілді. Өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды.
Президент шахтерлердің өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған тың шаралармен танысты. Диспетчерлер нақты уақыт режимінде барлық шахтадағы ахуалды бақылап, газ деңгейіне талдау жүргізе алады. Бұдан бөлек кеншілердің жұмысын үйлестіріп, олармен бейнебайланыс орнатады. Сонымен қатар орталықта жүйедегі қауіпсіздік бақыланып, өндірістік көрсеткіштер мен процестердің орындалу барысына мониториң жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін барлық сегіз шахтадағы кеншілердің жүрген жері мен денсаулық жағдайын нақты анықтайтын қондырғы жүйесі орнатылады.
Мемлекет басшысы «Саран» шахтасында, 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Кәсіпорын жұмысшыларды жаңа alarmphone құрылғысымен жабдықтаған. Қорғаныс деңгейі аса жоғары гаджетте қызметкермен жедел байланысуға арналған смартфон функциясы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қызметінде еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды екеніне назар аударды.