Қарағанды ферроқорытпа зауытында пештен кенет жалын шығып, сегіз жұмысшы жарақат алған еді. Оның алтауы реанимация бөлімінде жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Жарақат алған қызметкерлер Мақажанов атындағы көпфункционалды ауруханаға жеткізілген. Олардың бесеуінің жағдайы өте ауыр.
Жарақат алған алты адам реанимация және қарқынды терапия бөлімінде, екеуі комбустология бөлімінде жатыр. Бес адамның жағдайы өте ауыр, екеуінікі ауыр, ал бір пациенттің халі орташа ауыр. Зақым алғандарды сол сала мамандары қарап шықты. Қосымша тағы қаралды. Пациенттер барлық қажет ем-домды алады, — делінген басқарманың баспасөщ қызметі таратқан хабарламада.
Ферроқорытпа зауытында болған жағдайға қатысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баптың бөлімі “Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбектi қорғау қағидаларын бұзуды” қарастырады.
Болған жағдайдың себебін анықтайтын комиссия құрылды.