Бүгінгі таңда қазақ тілінде дубляждалған фильм мен мультфильмге сұраныс артып келеді. Бұл сөзімізге «Ойжұмбақ – 2» мультфильмінің Қазақстанда 125 млн теңге тапқаны дәлел.
«Ойжұмбақ – 2» туындысы бір күнде 10 миллион теңге касса жинап, кинотеатрдан көрсетілген барлық қазақша мультфильмнің табысынан басып озды. Бұл – қазақ тіліне аударылған анимациялық фильмдердің ішіндегі рекорд.
Baribar.kz қазақ тілінде дубляждалған мультфильмдерге шолу жасап, туындылардың негізгі артықшылығына тоқталып, балаға беретін басты идеясын талдады.

«Ойжұмбақ – 2»

«Ойжұмбақ – 2» – есею туралы анимациялық фильм. Бұл анимациялық фильмді Pixar Animation Studios пен Walt Disney Pictures әзірлеген. Мультфильмнің режиссеры – Келси Манн. Бұл туындыны түсіріп жатқанда продюсерлік қызметті Марк Нильсен атқарса, сценарий жазу міндетін Мег Лефов атқарған.

Мультфильмнің бас кейіпкері – 13 жасар Райли. Ол Сан-Франциско қаласына көшіп, екі жыл өткен соң орта мектепке барады. Мультфильмде Райлидің сырт бейнесі ғана емес, ішкі эмоциялары да көрінеді. Ол – қуаныш, мұң, қорқыныш, ашу және жиіркеніш. Бір күні Райли ұйқысынан тұрғанда жаңа эмоциялардың пайда болғанын біледі.

Ол эмоциялар – үрей, қызғаныш, ұят және енжарлық. Осы тұста жаңа эмоциялар мен ескі эмоциялардың арасында текетірес басталады. «Қуаныш» Райли лагерьде көңіл көтеруі керек деп есептесе, «үрей» 13 жасар қыздың болашағын уайымдайды. Мультфильмде эмоциялардың тартысы арқылы жеткіншек қыздың жетілуі көрсетіледі.

Бұл мультфильм қазақ тіліне Disney кинокомпаниясының қаржысына дубляждалды. Фильмдегі кейіпкерлерді әнші Жұлдыз Өмірғали, Ninety One тобының мүшелері Батырхан Мәлік пен Азамат Ашмақын сияқты жастарға танымал әртістер дыбыстады. «Ойжұмбақ – 2» мульфильмінің бірінші бөлімі 2016 жылы Оскар сыйлығын жеңіп алған.

«Жексұрын мен – 4»

«Жексұрын мен» – Illumination Entertainment пен Universal Pictures әзірлеген франшиза. Бұл франшиза төрт көркем мультфильмнен тұрады. Мультфильмдегі бас кейіпкерлер – зұлым Фелониус Грю, миниондар, Фелониус Грю асырап алған Марго, Эдит, Агнес деген қыздар және Фелониустың әйелі Люси Уайлд.

«Жексұрын мен – 4» туындысының режиссерлары – Крис Рено және Патрик Делаж. Сценарий авторлары – Майк Уайт және Кен Даурио. Мультфильмнің төртінші бөлімі шытырманға толы. Өзге бөлімдерде зұлымдығы арқылы танымал болған Фелониус Грю отбасылы өмірге бейімделіп, супер зұлым күшін жоғалтады.

Түрлі шытырман оқиғаның болуына байланысты Фелониус Грюдың отбасы өзге қалаға көшуге мәжбүр болады. Бұл қалаға бейімделу өте қиынға соғады. Фелониус Грюдың қыздары буллиңге тап болып, шаштараз болып жұмыс істеп жүрген әйелі Люси Уайлд түрлі қиындыққа кезігеді. Осы тұста бұл қалаға Фелониус Грюдың отбасын іздеп жүрген Максим Ле Маль келеді…

«Жексұрын мен – 4» мультфильміне дайындық 2017 жылы басталып кеткен. 2022 жылғы ақпанда мультфильмнің жарыққа шығатыны расталды. Бұл мультфильм бүлдіршіндерге миниондар үшін қызық болса, жасөспірімдерге оқушы қыздардың түрлі проблемасы үшін қызық. Балалар арасындағы буллиң мен манипуляциядан ата-аналар да сабақ алатыны сөзсіз.

«Энканто»

«Энканто» мультфильмі 2021 жылы жарыққа шықты. Мультфильмді Walt Disney Animation Studios студиясы мен Walt Disney Pictures студиясы әзірлеген. Мультфильм режиссерлары – Байрон Говард және Джаред Буш. Сценарий авторы – Чариз Кастро Смит. Бұл мультфильм 2022 жылы «Үздік анимациялық толықметражды фильм» номинациясы бойынша Оскар жеңді.

«Энканто» мультфильмінде Колумбия тауларында жасырынған Энканто қаласында өмір сүретін отбасы көрсетіледі. Бұл – ерекше отбасы. Отбасындағы әр баланың сиқырлы күші бар. Бір бала дене тұрғысынан күшті болса, бір бала бәрін емдей алады. Жануардың тілін түсінетін бала да бар. Бірақ осы сиқырлы күш жас Мирабельге қонбайды…

Бір күні Колумбия тауларында жасырынған сиқырлы қалаға үлкен қауіп төнеді. Осы сәтте Мирабель отбасын құтқару керек екенін түсінеді. «Энканто» мультфильмі отбасының маңызы және отбасы мүшелерінің қолдауы қаншалық қажет екенін көрсететін туынды. Отбасындағы әр адамның сиқырлы күші болса да, қиын-қыстау кезде құтқаратын жалғыз күш – бірлік.

Бұл туындыда адамның өзін-өзі қабылдауы туралы да сөз болады. «Энканто» мультфильміндегі әр кейіпкердің өз кемшілігі мен артықшылығы бар. Мультфильмде осы кемшілікті артықшылыққа айналдыру керек екені айтылады. Негізіне бұл мультфильмді психологиялық мультфильм деуге толық негіз бар. Туындыда трагедиядан, жан жарасынан айығатын сәттер де көрсетілген.

«Моана»

«Моана» мультфильмі 2016 жылы жарыққа шықты. Мультфильмді Walt Disney Animation Studios студиясы түсіріп, Walt Disney Pictures студиясы шығарған. Туынды режиссерлары – Джон Маскер және Рон Клементс. Бұл туындыны дайындап жатқанда продюсерлік қызметті Оснат Шурер атқарса, сценарий жазу міндетін Джаред Буш атқарған.

Мультфильм 14 жастағы Моана туралы. Моана – көсемнің қызы. Мультфильмдегі оқиға 2000 жыл бұрын Тынық мұхиты аралдарында болған. Туынды желісі бойынша Моана навигациялық дағдылары мен табиғи талабын пайдаланып Те Фити тас жүрегін іздейді. Ол осы сапарда өзін шынайы танып, өз халқы үшін қандай құрбандыққа дайын екенін түсінеді.

«Моана» мультфильмінің жалғасы «Моана – 2» биыл 24 қараша күні жарыққа шығады. Бұл туынды қазақ тілінде де көрсетіледі. «Осындай танымал мультфильмдердің кейіпкерлері Қазақстан көрерменімен ана тілінде сөйлесетіні біз үшін аса маңызды», – дейді ТМД елдері бойынша Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.

Жаңа мультфильм сюжеті бойынша Моананы ата-бабасы шақырады. Бұл шақыру күтпеген жерден болады. Осылай, Моана алыс және қауіпті сапарға аттануға мәжбүр болады. Бұл сапар бірінші бөлімдегі сапардан әлдейқайда шытырманға толы сапар болатын сияқты. «Моана» мультфильмі балаларға отанға деген сүйіспеншілікті насихаттайды.

«Арыстан патша»

«Арыстан патша» мультфильмі 2019 жылы жарыққа шықты. Мультфильмді Walt Disney Pictures студиясы әзірлеген. Туындының режиссеры – Джон Фавро. Сценарий авторы – Джефф Натансон. Бұл мультфильм фотореалистикалық мультфильм болып саналады. Осы туындыны дайындауға шығармашылық топ 2017 жылы кіріскен.

Мултьфильм Симба деген арыстанның өмірін баяндайды. Ол өсу жолында түрлі қиындыққа тап болып, жануарлар әлемінде өз орнын іздейді. Мультфильм сюжеті бойынша Симба әділетті қалпына келтіріп, саваннаға бейбітшілік орнатуы керек. Осы миссияны орындау үшін Симба ағасы Оскармен де күресуге мәжбүр.

Мультфильм балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де өте маңызды. Осы туындыда отбасы мен достардың маңызы, жауапкершіліктен қашпау, өткенді кешіру сияқты нәрселер көрсетіледі. Симба көптеген қиындыққа кезіксе де, оның отбасы мен достары қашан да Симбаның жанынан табылады. Бұл мультфильмде шытырман оқиға да, драма да бар.

«Арыстан патша» мультфильмінің жалғасы «Муфаса: Арыстан патша» 2024 жылғы 20 желтоқсанда жарыққа шығады. Бұл бөлімде Симбаның тағдыры емес, Симба ұрпағының тағдыры бірінші орынға шығады. Мультфильмге жарқын реңк беретін Тимон мен Пумба да көрермен көңілінен шығатыны сөзсіз. Мультфильм қазақ тілінде көрсетіледі.