«Өлгенский», «Кет, бәле, кет». «Энканто» қазақша қалай дыбысталды?

Disney-дің тағы бір шығармасы қазақшаға аударылды. Жаңа музыка фэнтезиі "Энканто" деп аталады. Бұл – "Болашақ" қоры қазақ тіліне дубляждаған 38-мультфильм.

Постер: DISNEY

Мирабель – отбасын құтқаратын жалғыз үміт

Энканто — керемет көрікті жерде, Колумбия тауларында көзден таса орналасқан сиқырлы үй. Мұнда Мадригал атты таңғажайып отбасы тұрады. Жанұяның әр мүшесі ерекше қасиетке ие, мәселен, бірінің алапат күші бар, екіншісі дәмді тамақ беріп емдей алады, үшіншісі кез келген адам кейпіне кіре алады. Өкінішке қарай, мұндай сиқыр жас Мирабельге бұйырмай қалған. Күндердің бір күні Мирабель отбасына қауіп төніп тұрғанын біледі және жақындарын құтқаратын жалғыз үміт өзі ғана деп ұйғарады.

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне бейімделіп аударылады. Мысалы, «Энканто» фильмін дыбыстау кезінде оригиналда айтылған сөздің мағынасын айқын жеткізу үшін «Анандай адамдардың арасында өзіңді анандааааай сезінесің», «Өлгенский», «Кет, кет, бәле, кет!», «Алас, алас, бәледен алас» және тағы басқа танымал әзіл, тіркестер қолданылыпты.

Алдын ала көрсетілім. Фото: «Болашақ» қоры

Дубляж актерлік ойыннан оңай емес. Кішкентай ғана студияда, көрермен қолдауынсыз рольге кіру қиын. Бір дерек: мультфильмдегі ұйытқи соққан дауылдан сөйлей алмай жатқан кейіпкер бейнесін «RinGo» тобының солисі Данияр Өтеген бір аяқпен тұрып жазған.

Фильмнің бас кейіпкері Мирабельді актриса Назерке Серікболова дыбыстады.

Мирабель – өте батыл кейіпкер. Өйткені отбасы үшін басын қатерге тікті. Отбасы мүшелерінің ғажайыптары азая бастағанда, «оларға бірінші болып көмектесемін» деп шықты. Бұған ғана ешқандай ерекше қасиет берілмей қалғанына қарамастан, мұңайғанын ешкімге көрсетпеді. Отбасына пайдасы тигенін қалайды. Мирабельдің осындай ерекшеліктері мені тәнті етті, — дейді Назерке Серікболова.

Назерке мен Мирабель

Назерке бұған дейін Disney-дің көп ханшайымын дыбыстады. Олардың ішінде Моана, «Мұзды өлке» мультфильміндегі Анна, «Алиса айнаның арғы бетінде» фильміндегі Алиса, Золушканың әпкесі, «Валериан және мың ғаламшар шаһары», «Өрмекші адам», «Монстрлар каникулы» сияқты жобалардағы кейіпкерлер бар.

Мирабельді дыбыстау бұл ханшайымдардан өзгеше болды. Рэп оқыдым. Кейіпкердің түпнұсқадағы даусы жуан. Маған бейімделуге тура келді. Өйткені кейіпкердің болмысын дауыспен де беру керек, — дейді актриса.

Назерке қазіргі мультфильмдердің қазақ тіліне аударылып, дыбысталып жатқанына аса қуанатынын айтады.

«Ендігі мәселе – қазақша мультфильмдерді халық жиі көрсе, фильмнің қазақша нұсқасына балаларын алып барса дейміз. Өйткені «Болашақ» қоры мен «Арай» медиагрупп қазақ тілінің дамуына көп үлес қосып жатыр. Соның ішінде менің де үлесім барына өте қуаныштымын», — деді Назерке Серікболова.

“Қазақша мультфильмге жиі бару қазақ тілін үйренуге көмектеседі”

Мирабельдің ағасы Бруноның даусын актер Рустем Жаныманов салды.

«Бруно — өте ерекше, көріпкел қасиеті бар персонаж. Оның жан-дүниесі шындықты қалайды. Ал шындықты айтса, жұртты ренжітіп алуы мүмкін», — дейді Рустем Жаныманов.

Рустем мен Бруно

Актер Бруноның өте жылдам сөйлейтінін, әр сөзі жаңылтпаш сияқты болғанын айтады. Кейіпкерді дыбыстауға дайындалу кезінде оның мінезін зерттей отырып, даусын жазу оңай емес екенін түсінген.

«Дубляжды 2 күн жаздық. Бірінші күні сөзін, екінші күні әнін бастырдық. Бұл мультфильм де, кейіпкер де көрерменнің есінде ерекше қалары анық. Бруно көріпкел болғандықтан оны қазаққа жақын етуге тырысып, «алас, алас, бәлден алас» деген сияқты бақсы сөздерін қосуды редактор ұсынды», — дейді актер.

Оның айтуынша, Бруноға өмірде көбірек қолданылатын қыстырма сөздер айтқызуға тырысқан. Өйткені кейіпкер әдеби сөздермен сөйлесе, көрерменнің қабылдауы қиын болуы мүмкін еді.

«Қазақстанда қазақша сөйлеп жүрейік» деген сөз мені қынжылтады. Ол туралы ойланбауымыз да керек деп ойлаймын. Біз қазақша сөйлеуге міндеттіміз. Керек болса, өзге ұлт та қазақша сөйлеп үйренсін. Қазақша үйрену үшін уақыт керек, курсқа бару керек деген сияқты ой қаумалауы мүмкін. Меніңше, осындай қазақша фильмдерге, әсіресе, анимациялық фильмдерге жиі бару қазақша үйренуге көп көмектеседі, — дейді Рустем Жаныаманов.

Дубляж режиссеры қандай қызмет атқарады?

«Энкантоның» дубляж режиссеры – Назерке Лесбекқызы. Ол осы уақытқа дейін Disney-дің он шақты фильмінің дубляж режиссеры болды. Назеркеден әуелі бұл мамандық иесінің фильмдегі негізгі функциялары туралы сұрадық.

Дубляж режиссеры әуелі фильмнің түпнұсқасын толық қарап шығып, танысады. Қай рольді қай актер алып шыға алатынын, кімнің болмысына, мінезі мен дауыс тембріне қай кейіпкер сай келетінін ойластырады. Фильмді қазақшаға аударып, оны редакциялаған соң фильмнен түпнұсқа дауыстар толық алынып, ол қазақшаға алмастырылады – осының әрқайсын жеке қабылдап аламын. Соңғысын «укладка» дейміз. Мәтінді қазақша қандай қызық сөзбен, мақал-мәтелмен, әзілмен толықтыруды ойлаймыз. Былайша айтқанда, мәтінді қазақшалаймыз, — дейді Назерке Лесбекқызы.

Оның айтуынша, мұның бәрі — дыбыс жазуға дейінгі жұмыстар. Одан кейінгі кезек кейіпкерлердің даусын жазуға келеді. Әуелі о баста кейіпкерді алып шығады-ау деген актерларды кастингіге шақырады. «Энкантоны» дыбыстауға кастингіге Нұр-Сұлтан мен Алматыдан жалпы 60 актер қатысқан.

«Кастингіге келген актерлардың ішінде даусы сай келеді деген ең мықтыларын іріктеп, Disney-ге жібереміз. Компания дауысты өздері таңдап алады. Дубляж кезінде актерға кейіпкердің мінезін, эмоциясын, қандай интонацияда сөйлейтінін түсіндіреміз. Ал дубляж режиссерына актердың даусын қай жерден бастап жазу керек, қай дыбысты алып тастап, қайсын сақтау керек екенін айтып отырамын», — дейді дубляж режиссеры.

Соңғысы – дыбыс жазылып біткен соң жұмысты толық қарап, қайта тексеру. Бұл айтылғанның бәрі — дубляж режиссерының ең негізгі жұмыстары ғана.

Алдын ала көрсетілім. Фото: «Болашақ» қоры

«Disney мультфильмдерін дыбыстауға ашық кастинг жарияланбайды»

Жалпы, Disney мультфильмдерін дыбыстауға ашық кастинг жарияланбайды. Өйткені дубляж жасағысы келетін адам көп. Олай етер болса, студия толып кетер еді. Оның ішінде дыбысты жаза алатыны да, жаза алмайтыны да бар. Кастингіге келетін актерларды фильмді қазақшаға аударатын ұжым өзі шақырады.

«Энкантоны» дыбыстауға кастингіге театр актерларынан бастап көптеген өнер жұлдызы қатысқан. Ең бірінші актердың ән айта алатынына мән беріліпті. Өйткені мультфильмнің жанры – мюзикл. Әнші Айгүл Иманбаева Мирабельдің әжесі Абуеланы, Ayree әпкесі Долоресті, Жарқынай Ханайым әпкесі Изабеланы дыбыстады.

Ayree мен Долорес

Фильмдегі ең сүйікті кейіпкерлерім – Долорес пен Бруно. Долорестің ғажайыбы сол, ол дыбысты қашықтан-ақ естіп қояды. Өзі сүп-сүйкімді. Фильмнің түпнұсқасын көріп отырғанда Долореске Ayree келеді деп ойладым. Сосын сол кейіпкерді дыбыстауға келген актрисаларға ылғи «қазір сізді Ayree роліне көреміз» деп айтып қала бердім. Ақыры Долоресті Ayree керемет алып шықты. Ән айтқанда да даусы сыңғырлап кейіпкеріне дәл келді, — дейді Назерке.

Бруно – жұрт басқаша ойлағанымен, шын мәнінде, жүрегі өте жұмсақ адам.

«Сырт көзге суық көрінгенімен отбасын қатты жақсы көреді. Елдің бәрі оны үйінен кетіп қалды деп ойлайды, бірақ Бруно отбасына жақын болуы үшін үйдің асханасының артында тұрып жүрген болып шығады. Өте қызық кейіпкер. Іш пыстырмайды, көптеген әзіл-қалжыңды соған айтқыздық», — дейді дубляж режиссеры.

Қазақстан кинотеатрларында «Энканто» 25 қарашадан бастап қазақ және орыс тілдерінде шықты. Біршама уақыт өткен соң IVI және Megogo онлайн-кинотеатрларынан қазақ тілінде көруге болады.