Зерттеу нәтижесі бойынша дүниежүзінің көп елінде жастардың саясатқа қызығушылығы төмен екені анықталған. Жастардың көп бөлігі сайлауға қатыспайды, қоғамдық талқылауларда белсенді емес және қоғамдық ұйымдардың жұмысына қызықпайды.

Жастар көп уақытын интернетте, әлеуметтік желіде өткізеді. Оларды саяси өмірге тарту үшін заманауи құралдар қолданылады. Қазақстанда iKomek, eOtinish, eGov сияқты электрон үкімет порталдары жұмыс істейді. Мұнда азаматтар маңызды әлеуметтік мәселелер бойынша пікір білдіріп, елдегі маңызды шешімдердің қабылдануына тікелей қатыса алады.

PaperLab зерттеу тобының талқылауында спикерлер мен қатысушылар Қазақстандағы жастар қандай цифрлық құралдарды пайдаланатыны және мемлекеттің органдардың онлайн порталдарында кері байланыс сапасы туралы айтты.

«МИСК» қамқорлық кеңесінің төрайымы Ирина Медникованың айтуынша, Қазақстан жастары қаңтар оқиғасынан кейін саясатқа белсенді араласа бастаған. Бұл тақырып елімізде қазіргі кезде актуал болғанымен, үлкен тәжірибе жоқ.

2021 жылғы зерттеу нәтижесі Қазақстандағы жастардың 11%-і саяси өмірге қатты қызығатынын көрсеткен. Бұл көрсеткіш жоғары ма, төмен бе деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Қазақстан — дамушы демократиялы мемлекет, сол себепті азаматтардың саяси сауаты да біртіндеп дамып, қызығушылығы артып келеді, — дейді Ирина Медникова.

Спикердің айтуына қарағанда, 2016 жылдары негізгі саяси ақпарат көзі теледидар болса, қазір интернет басты ақпарат көзіне айналған. Азаматтардың саяси ахуалға қызығушылық танытуы мен саяси процесске қатысуы бірдей нәрсе емес. Зерттеулер жастар көбіне әлеуметтік желіде, интернет порталда пікір қалдырғанымен, сайлау мен референдумға белсенді қатыспайтынын көрсеткен.

Кейінгі парламент сайлауында жастардың 29%-і ғана дауыс берген. Сапалық зерттеу кезеңінде олар мұны саяси институттарға сенбейтінімен түсіндірді. Ал жастардың 59%-і «Билік пікірімізді есепке алмайды» деп айтқан. Ел азаматтары саяси өмірге қызығушылық таныта бастағанымен, мүмкіндігін қалай қолдана алатынын, нақты қандай қадамдар жасау керегін білмейді, — дейді Ирина Медникова.

Ирина Медникова
Ирина Медникова. Фото: Voxpopuli.kz

Ирина Медникова азаматтық қоғам құру үшін азаматтарға саяси білім берудің бірыңғай жүйесін құру керегін айтып, технологияларды қолдану арқылы қоғам мен басқару органдары арасында сенімді әрі адекват қарым-қатынасты қақтығыссыз, экологиялық жолмен орнатуға болатынын көрсетті.

Иринаның бұл пікірін ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті директорының орынбасары Дәулет Душабаев та қолдады. Оның сөзінше, министрлік 2018-2020 жылдары жергілікті атқару органдарымен бірге 1,5 миллион адамға цифрлық сауат бойынша курсты оқытқан.

2018-2020 жылдары жергілікті атқару органдарымен бірге 1,5 миллион адамға цифрлық сауат бойынша курсты оқыттық. Нәтижесінде 54 миллион мемлекеттік қызмет онлайн алынды, оның 19 миллионы мобайл қолданба көмегімен жасалған. Ашық үкімет порталында ашық деректер, ашық бюджет, ашық диалог компоненттері жұмыс істейді, — дейді Дәулет Душабаев.

Оның айтуынша, азаматтарға мемлекеттік органдарға өтініш жіберуге мүмкіндік беретін eOtinish порталында бір жыл ішінде 877 мың өтініш тіркеліпті.

Жыл сайын платформаларды қолданатындардың қатары артып келеді, бірақ электрон үкіметтегі өтініштердің артуы саяси белсенді азаматтардың көбейгеніне нақты мысал бола алмайды. Бұл туралы SOS Taldykol қозғалысының мүшесі, архитектор Теміртас Ысқақов айтты.

Жыл сайын платформа қолданушыларының көбейгені саясатқа араласатын азаматтардың да көбейгенін білдірмейді. Цифрлық технологияны енді үйреніп жатқандарды да есепке алуымыз керек, — дейді ол.

Теміртастың сөзінше, қоғамдағы саны бойынша зерттеулер үнемі нақты нәтиже бермейді. Мысалы, осы жағдайда саяси белсенді тұлғалар бір мазмұндағы өтінішті периодты түрде бірнеше рет жолдауы мүмкін. Сондықтан өтініштердің санына емес, орындалу сапасына мән беру керек.

Саяси белсенді жастар жаңа аты аталған платформаларда емес, әлеуметтік желіде белсенді. Оның бірнеше себебі бар. Еліміздегі саяси жүйеден онсыз да көңілі қалған жастар платформалардың жұмыс істеу механизмі мен логикасына риза емес. Өйткені цифрлық үкімет порталында бәрі түсінікті деп айта алмаймыз. Қарапайым халыққа ақпарат интуитив түрде түсінікті, қолжетімді болуы керек. Тағы бір маңызды мәселе — петиция. Кейінгі кезде қоғамда резонанс туғызған петицияны мысалға келтірсек, президенттің өзі бірнеше жылдан бері бізге ашық жүйе керек екенін айтып келеді, яғни нақты кімнің қолдап-қолдамайтынын көре алуымыз керек, — дейді Теміртас Ысқақов.

электрон үкімет, egov
Иллюстрация: PaperLab

Malim.kz порталының директоры, журналист Руслан Ербота қазіргі цифрлық белсенділікті басқа қырынан түсіндіріп берді. Ол қазір саяси белсенді жастар аз деген уәжбен келіспейді. Себебі қоғамда түрлі бағдарлама, ұйым жұмыс істеп жатыр.

Шараның көбінің басы-қасында жүретін — жастар. Бір қарағанда барлығы мемлекет саясатын қолдайтындай көрінеді, бірақ олар бұл жиынға қандай ниетпен немесе құлшыныспен қатысып жатқанынан хабарсыз боламыз, — дейді Руслан Ербота.

Журналистің айтуынша, еліміздегі цензураның кесірінен тәуелсіз журналистика тұншығып, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген жастар азаматтық журналистикамен айналысуға мәжбүр. Бұрындары сайттың, порталдың тұрақты оқырмандары мақаланың астына пікірі жазып, кері байланыс беріп отыратын. Кейін ҚР ақпарат министрлігінің қолдауымен пікір жазуға шектеу қойылды. Сөз бостандығы шектелді. Осылайша, көп журналист әлеуметтік желіге үдере көшті. 

Жастарға өз позициясын білдіруге ең ыңғайлы құрал — әлеуметтік желі. Қазір қазақ жастары тек саяси көзқарасын білдіріп, жауап күтіп отырмайды. Қажет кезде үлкен қоғамдық күшке ие бола алады. Мысалы, пандемия кезінде Қазақстанның әр өңірінде жастар емханаларға барып, науқастарға көмектесті. Зиянкестермен күрес бойынша мемлекет тарапынан істелуі керек нәрсені өздері жасады. Мұның бәрі қоғамдағы қазақ жастары айналасындағы оқиғаларға бей-жай қарамайтынын білдіреді, — дейді ол.

Журналист әлеуметтік желінің қоғамда мықты күшке айналуының екі қыры барын да жасырмады. Бірі — халық үніне құлақ асатын үкіметтің қалыптасуы. Қазір телевизия немесе басқа БАҚ-та көтерілген мәселеге билік органдары мән бермейді. Ал әлеуметтік желіде талқыланған тақырып бірден назар аудартады. Мұның жағымсыз тұсы да бар, ол — бақылаудың болмауы, яғни әлеуметтік желі манипуляция құралына айналып кетуі мүмкін.

Қазір блогер дейміз бе, саяси белсенді тұлға дейміз бе, соның қолына үлкен күш, «қару» беріп қойдық. Бұған халықты мемлекеттік саясаттың өзі әкелді. Халық үніне құлақ асатын үкімет әлеуметтік желідегі кез келген жазбаға, хабарға дереу жауап беруі керек. Ал бұл функцияны кім атқарады? Мемлекеттік органның баспасөз қызметі. Олардың көп уақыты мәселені зерттеуге, тиісті органдардан жауап алуға кетеді. Әр басқармада жеке баспасөз қызметі жұмыс істемейді. Сондықтан цифрлық үкімет порталдарына түскен өтінішке көбіне орта деңгейлі бір маман жауап береді. Ол өзінің құзіреті жетпесе, дайын шаблон жауаптарды қоя салады. Осылайша, өтініш иесі қанағаттанатын жауап ала алмай, үкіметке үнін жеткізудің басқа жолын іздейді, — дейді Руслан Ербота.

Модератор Серік Бейсембаев талқылауды қорытындылай келе,  жастардың саяси пікіріне мемлекет тарапынан кері байланыс сайлау нәтижесі, бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми мәлімдеме арқылы көрініс тапқаны дұрыс болатынын айтты.