Алматыда қазақстандық кімдік (идентификация — ред.) және отарсыздану тақырыбы талқыланды. Онда осы тақырыпты зерттеп, кімдік мәнін жоба арқылы жеткізген қатысушылар нәтижесін бөлісті.

Іс-шарада Book Культура Lab ұйымы жасаған жобаның финалға жеткен қатысушылары аталды. Бұл — бірлескен білім кеңістігі және мәдени, медиа жобаларды жасау арқылы қазақ болмысын қайта қарастырып, көрсетуге арналған ұйым.

Ұйымның бұл жолғы жобасы қазақстандық кімдік мәселесіне арналды. Оның мақсаты — адамдарға қазақстандық кімдікті әртүрлі тәсіл арқылы түсіндіруге мүмкіндік беру. Мысалы подкаст, мақала, комикс, кино және тағы басқа. Соңында үздік бес жобаны таңдап, оны қаржылай қолдап, жүзеге асыруға көмектесті.

Жобаның финалына шыққандар:

  1. Әзиза Киреева, «Шумақ жіп» комиксі;
  2. Қуаныш Узбеков, Shyraq подкасы;
  3. Айзере Малайсарова, лонгрид және оқиғалар: «Қазақ(стандық) кімдік. Біз кімбіз?»;
  4. Мадина Айешева, «TUEME+» видеоподкаст;
  5. Мутали Москеу, «Қазақша Квир: даладағы және кеңестік Қазақстандағы ЛГБТ. Отаршылдық және гомофобия».

Біз жобада финалға шыққан «Шумақ жіп» комиксінің авторы Әзиза Киреевамен сөйлестік. Ол — Manshuq media интернет басылымның арт-директоры. Әзиза ханым кімдік деген адамның эмоциялық күйі мен осы әлемдегі рөлінің теңгерімі, өзін жайлы сезінуі дейді.

Ол бұрыннан комикс жазуды армандайтын. Бірақ комикстің тақырыбын, мазмұнын ойластыра алмай, ылғи кейінге қалдырып отырған.

Әзиза Кереева, Шумақ жіп
Фото: Impact Hub Almaty

Кімдік туралы лекцияда жазушы әрі суретші Маржан Сатрапидің комикстері есіме түсіп, шабыттана бастадым. Адамдарға ойымды комикс арқылы жеткізу ең қолайлы тәсіл деп шештім, — Әзиза Киреева.

«Шумақ жіп» қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Комикста кейіпкердің іштей кімдігін жоғалтқаны суреттеледі. Оның негізгі ойы — әркімде-ақ шатастыратын эмоциялар мен сезімдер болатынын, мұны қалыпты жағдай деп көру керек екенін түсіндіру. Кітаптағы кейбір сәтті автор өз өмірінен алған.

Суреттердің жанры альтернативті болғандықтан, иллюстрация форматына ешқандай шектеу жоқ. Автор өз қолтаңбасына сүйене алады. Комикстің суретін салып, мәтінін жазуға, оны қазақшаға аударуға шамамен екі ай уақыт кеткен.

Мен үшін жастардың кімдік туралы ойы маңызды. Бала күнімде, жасөспірім кезімде оның мағынасын маған ешкім түсіндірген жоқ. Ненің қалыпты, ненің қалыпты емес екенін де білмедім. Ал ішімде сезімдер арпалысып жатты. Мәселенің басын аша алмадым. Сондықтан оқырманға бұл расында қалыпты сезім екенін жеткізгім келді, — дейді Әзиза Киреева.

Қазіргі уақытта Әзиза ханым комиксті басып шығаратын баспа үйімен келісіп жатыр. Автор кітап биыл мамыр айында оқырман қолына тиеді деп үміттенеді.

Іс-шараға АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының, Chevron компаниясының және Impact Hub Almaty ұйымының өкілдері қатысты. Book Культура Lab, Egin, QAZAQ kinosy: TOP-10 FILM, Urbanitarium, Алматы ашық әдеби мектебі өкілдері мен басқа да қонақтар болды.