«Қазгидромет» РМК синоптиктері 30 мамыр-1 маусым аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады.
Алдағы үш тәулікте республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында, 1 маусымда батысында атмосфералық фронттардың әсерінен құбылмалы ауа райы сақталады. Салдарынан найзағай ойнап, бұршақ жауады, екпінді жел соғады.
Еліміздің оңтүстігінде жоғары қысымның ықпалымен жауын-шашын тоқтайды. Баренц теңізінен келетін жоғары қысым аймақтарға жайылып, салдарынан түнде және таңертең минус 3 градусқа дейін үсік жүреді.
Жалпы республиканың басым бөлігінде күндіз ауа температурасы жоғарылайды. Республиканың батысында, оңтүстігінде 27-35 градусқа дейін, солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта 15-25 градусқа дейін, оңтүстік-шығыста 22-27 градусқа дейін бірте-бірте көтеріледі. Шығыс облыстарда ауа температурасы 10-20 градусқа дейін төмендейді, — делінген хабарламада.