Құлсарыдағы «Болашақ» шағынауданда су басқан үйлердің тұрғындары үшін салынатын 100 үйдің 48-інің іргетас құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы хабарлады.
Атырау облысы құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың айтуынша, 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынса, 20-сы жергілікті бюджет есебінен салынады.
Бүгінде бетон төсеу жұмыстарымен қатар іргетас, монолит құю жұмыстары атқарылып жатыр. Мұнан соң тас қалау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін жергілікті жерде қажетті инертті материалдар мен құрылыс материалдары жеткілікті. «Қазақстан халқына» қорының талаптарына сәйкес, мердігер мекемелер жергілікті жерден болу керектігі айтылған. Құрылыс алаңында экскаватор, автотиеуіш, автоаударғыш, автокран секілді басқа да техникалар жеткілікті. Қалған үйлердің құрылысы үшін жер телімдері бөлініп тұр, алдағы уақытта іске асады, — деді Ернар Анарбекұлы.
Құрылыс басқармасы бас маманының айтуынша, әр тұрғын үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метр. Жоба бойынша үй бес бөлмеден тұрады. Оның ішінде, ас бөлмесі, екі жатын бөлмесі, қонақ бөлмесі мен санитарлық торап бөлмесі қарастырылған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, Жылыой ауданындағы төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстарына жұмыс күшін тарту бойынша лимит саны көбейтілген.
Құрылыс жұмыстарын «Орлан» ЖШС-гі, «Армандастар-Атырау» ЖШС-гі, «Казкомсервис» ЖШС-гі жүргізіп жатыр. Олардың әрқайсысында 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.