Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссия отырысында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі даму мәселелері, тіл мәдениетін арттыру және тілдік капиталды нығайтуға бағытталған үйлесімді әрі теңгерімді тіл саясатын жүргізу мәселелері қарастырылды.
Отырыста ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асырылу барысы және мемлекет басшысының тапсырмасына орай мемлекеттік тілде жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу, қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілге қатысты заманауи IT-жобаларды әзірлеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар әділет министрі Азамат Есқараевтың мемлекеттік тілде заң әзірлеу мәселесі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметі туралы қоғамдық бірлестіктің президенті Рауан Кенжеханұлының баяндамалары тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.