«Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжановтың айтуынша Қазақстанда әйелдерге арналған пойыздарға сұраныс артып келеді.
Біз «Әйелдер вагоны» жобасын одан әрі дамыту бойынша әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Оған 600-ден астам респондент қатысты. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша әйелдер вагондарын тағы үш бағытта іске қосу туралы шешім қабылданды, — деді Жәнібек Тайжанов ведомствода өткен брифиңде.
Жаңадан іске қосылатын «Әйелдер вагоны» пойыздары «Астанадан Семейге, Ақтөбеден Алматыға және Алматыдан Шымкентке қатынайды.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 70 мыңнан астам жолаушы «әйелдерге арналған вагондар» қызметін пайдаланды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артқанын көрсетіп отыр. Әйелдерге арналған вагондарда жеті жасқа дейінгі ер балалардың жүруіне рұқсат, — деді ол.
Еске салайық, бүгінде әйелдерге арналған сегіз пойыз маршруты бар:
— №77/78 «Алматы-Маңғыстау»;
— №351/352 «Алматы — Өскемен»;
— №45/46 «Павлодар-Түркістан»;
— №37/38 «Маңғыстау-Семей»;
— №47/48 «Атырау-Астана»;
— №33/34 «Ақтөбе — Алматы-1»;
— №4/3 «Астана-Алматы-2»;
— №71/72 «Астана-Шымкент».