Биыл 579,8 мың көпбалалы отбасыға 156,2 миллиард теңге жәрдемақы төленді. Бұл туралы еңбек министрлігі хабарлады.
Оның ішінде сәуір айында 587,2 мың отбасыға 39,6 миллиард теңге мөлшерінде жәрдемақы берілді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:
- төрт баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
- бес балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
- алты балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
- жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
- сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.
Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 миллиард теңге қарастырылған.