Алматы-Нүкіс әуе бағытында жаңа рейс ашылды. Қазақстаннан халықаралық рейстердің жалпы саны 121 әуе бағыты бойынша аптасына 567-ге жетті.
Бұл туралы ҚР көлік министрлігінің азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Қазақстан Республикасы көлік министрлігі рейстер географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыт бойынша рейстер санын арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Осылайша, «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап жаңа Алматы-Нүкіс әуе бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастайды. Рейстер аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) 174 орындық Эйрбас-А320 ұшағында орындалады, — делінген хабарламада.
Жаңа әуе жолының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасынан 28 елге 121 бағыт бойынша халықаралық рейстердің жалпы саны аптасына 567-ге жетті.