Қуандық Бишімбаевтың соты: алқабилер үш сұраққа жауап береді

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында алқабилерге қойылатын сұрақтарды талқылау басталды. Оған алқабилер қатыспайды. 

Сот залынынан бұқаралық ақпарат құралдарын да шығарып жіберді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 653-бабына сәйкес, сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетеді. Ал тараптар сұрақтардың мазмұны мен тұжырымдалуы бойынша өз ұсыныстарын жасайды. Судья алқабилердің кеңесу бөлмесінде шешуiне жататын сұрақтарды жазбаша түрде тұжырымдап, тараптарға оқып бередi. Сосын ең соңында сұрақ парағына енгiзедi және оған қол қояды. Осыдан кейін сұрақтарды өзгертуге рұқсат жоқ.

Алқабилер әрбір сотталушы бойынша негізгі үш сұраққа жауап беруге тиіс. Олар:

1) іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме?

2) бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме?

3) бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме?

Сотталушының кiнәлiлiгi туралы негiзгi сұрақтан кейiн кiнәлiлiк дәрежесiн арттыратын немесе төмендететiн не оның сипатын өзгертетiн, сотталушыны жауаптылықтан босатуға әкеп соқтыратын осындай мән-жайлар туралы жекеше сұрақтар қойылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайларда қылмыстық ниеттiң жүзеге асырылу дәрежесi, іс-әрекеттiң соңына дейiн жеткiзiлмеуiне түрткі болған себептер, сотталушылардың әрқайсысының қылмысты жасауға сыбайласа қатысу дәрежесi мен сипаты туралы сұрақтар да жеке қойылады, — делінген кодексте.

Сұрақтар тұжырымдалғаннан кейiн судья және негiзгi алқабилер үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:

  • Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);

Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.