Былтыр Қазақстан 31,2 миллион тонна көмір экспорттады

Алдағы жылыту маусымына дайындық жоспары әзірленді. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтып берді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 112,7 миллион тонна көмір өндірілді (2022 жылы 113,7 млн тонна), оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке 9 миллион тонна, энергия және жылу өндіруші кәсіпорындарға 65,9 миллион тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,9 миллион тонна жөнелтілді. Былтыр көмір экспорты 31,2 миллион тонна болды, — деді Қанат Шарлапаев үкімет отырысында.

Одан бөлек, ел өңірлеріне 9,2 миллион тонна қатты отын жеткізілген.

Көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі республикалық штаб жедел шара қабылдады. Көмірді автокөлікпен әкетуге тыйым салу туралы бұйрықтың мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар әлеуметтік көмірдің сыртқа кеті тоқтатылды. Министрлік делдалдарды алып тастау және тұтынушыларға түпкілікті құнын тұрақтандыру үшін көмірді өңірлер бойынша біркелкі бөлу және өңірлік көмір операторлары арасында тікелей қол жеткізу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, — дейді ол.

Оның айтуынша, министрлік алдағы жылыту маусымына дайындалу мақсатында бюджеттік ұйымдар мен халықты көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі жергілікті атқарушы органдар, көмір өндіруші кәсіпорындар мен Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі.