Екібастұз ЖЭО-ның жұмысы қатты отынға ауыстырылды

Екібастұз жылу электр орталығында су жылыту қазандықтарының жұмысы қатты отынға ауыстырыла бастады. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Әкімнің айтуынша, түнде күлді шаю құбыры зақымданғаннан кейін станцияда қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілді.

10 желтоқсан күні кешкі сағат 19.30-да бұрын су басқан барлық учаске құрғатылды. Бұдан соң, мамандар екі электр қозғалтқышын ауыстыруға кірісіп, сорғы күл құбырының жұмысын қалпына келтірді. Сағат 06.00-де бұрын мазутта жұмыс істеген үш су жылыту қазандығы отынның негізгі түріне – көмірге толығымен ауыстырылды, — деді ол.

Әкімнің мәліметінше, қазіргі уақытта станция белгіленген параметрлерге шықты, алты қазандық агрегаты жұмыс істеп жатыр, үш қазандық-резервте, біреуі жоспарлы жөндеуде.

Жылыту параметрлері: қысым — 9/1,5 кгс/см2; ЖЭО-нан шыққан температура-79 °С болды. Келесі үш-төрт сағат ішінде екібастұздық пәтерлерде жылырақ болады, таңертеңгі 10.00 температуралық параметр 90 °С-қа жеткізуі көзделген, — деді облыс басшысы.