Қуандық Бишімбаев соттағысоңғы сөзін айтты. Экс-министр өз сөзін қағазға жазып алып келді.
Менің әрекетім сүйікті адамымның өліміне себеп болды, оның ата-анасы, отбасы мен достарының қайғысына себеп болды. Мен олардан тағы да кешірім сұраймын. Осы оқиға елең еткізген барлық адамнан кешірім сұраймын, — деді Қуандық Бишімбаев.
Сотталушы өз ата-анасынан, туыстарынан және балаларынан да кешірім сұрады.
Менің қателіктерім ата-анамның қартайған шағын түнертіп тастады. Олардың өміріне ұят пен қайғы әкелді, үрей мен қорқыныш әкелді. Бірақ айтайын дегенім, ата-анам да, туыстарым да кінәлі емес. Бұл тек менің кінәм, менің жүгім. Мен ешкімге және ешқашан өлім тілеген емеспін. Оны анық айта аламын. Сол күні жұбайымның өлімін тілеген жоқпын. Олай болады деп ойлаған жоқпын. Құрметті алқабилер, мен кінәлімін, бірақ қасақана адам өлтіргенімүшін емес, — деді экс-министр.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:
- Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.