Бақытжан Байжановқа тағылған айыптаудың бірі алып тасталды

Судья Айжан Көлбаева Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша Бақытжан Байжановқа тағылған екі айыптың бірін алып тастауға шешім шығарды.

Бұған дейін прокурорлар сот тергеуін қалпына келтіріп, Бақытжан Байжановқа қатысты айыптау актісін өзгертуді сұраған. Атап айтқанда, қадағалаушы орган 434-бап (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша тағылған айыптан бас тартты. Бақытжан Байжановтың әрекетін ары қарай 432-бап (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) бойынша қарауды сұрады.

9 қараша күні шамамен сағат 10.00-де Байжанов «BAU» мейрамханасына келіп, 1 VIP-кабинаға кірген. Ішінде Бишімбаев пен Нүкенова болған. Бишімбаев ешкім кірмесін деп, көрпе алып келуді сұраған. Сол кезде көрпені алып келген Байжанов Нүкенованың есінен танып жатқанын және бетінде көптеген жарақат болғанын көрген. Сау адамға тән емес қырылдаған дауыстың шығып тұрғанын да естіді. Кабинаның іші шашылып жатты. Есік бұзылып тұрды, сынған ыдыс-аяқ пен қан болды. Байжанов соның бәрін көріп, Бишімбаевтың Нүкенованы тағы ұрғанын түсінді, — деді прокурор Саяхат Нұрбеков.

Бұдан бөлек, Бақытжан Байжанов мейрамаханаға ешкімді кіргізбеуге және видеожазбаларды өшіруге тапсырма берген. VIP-кабинаға баратын жолды жауып тастады. Қуандық Бишімбаевтың тапсырмасы бойынша мейрамхана ұжымын үйіне қайтарды. VIP-кабинаға бірнеше рет кіріп, Салтанат Нүкенованың қимылсыз жатқанын көрген. Ал таныс дәрігері жедел жәрдемді шақыруға кеңес берсе де, тиісті шара қабылдаған жоқ.

Бүгін судья Айжан Көлбаева прокурорлардың өтінішін қанағаттандырды.