Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды

Прокуратура Қазақстанның бұрыншы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын растады.

ҚР бас прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр.

Биылғы 29 сәуірде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымды өкілеттерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды. Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар онда мемлекеттік құпияларды құрайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу ҚР ҚІЖК-нің 47 және 201-баптарының талаптарымен регламенттелгені айтылған.