Биыл елімізде 60 миллиард текше метр газ өндіріледі

Биыл Қазақстанда 60 миллиард текше метр газ өндіру жоспарланып отыр. Мұндай көрсеткіш энергетика министрлігінің болжамында көрсетілген.

Министрліктің мәліметінше, ведомство «QazaqGaz» ұлттық компаниясы АҚ-мен бірлесіп, 2030 жылға дейін газдың болжамды балансын қалыптастырды.

Қазақстанда газ өндірудің 85%-тен астамын Теңіз (27%), Қарашығанақ (38%) және Қашаған (20%) жобалары қамтамасыз етеді.

Былтыр елімізде 59,063 миллиард текше метр газ өндірілді.

Оның ішінде:

  • Теңіздің ірі кен орындары – 16,009 миллиард текше метр,
  • Қарашығанақ – 22,385 миллиард текше метр,
  • Қашаған – 11,856 миллиард текше метр
  • басқа кен орындары – 8,813 миллиард текше метр.

Газ саласының даму қарқыны кейінгі жылдары елімізде газ өндіру тұрақты өсіп келе жатқанын растайды. Осылайша, газдың болжамды балансына сәйкес, 2024 жылы елімізде газ өндіру 60,456 миллиард текше метрге дейін өседі деп күтіледі.

2024 жылға арналған тауарлық газ өндіру жоспары – 28,054 миллиард текше метр. Газдың болжамды балансына сәйкес 2024 жылы қазіргі ішкі тұтыну 20,9 миллиард текше метр болды.