Биыл 4,3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас статусын алды

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 351 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас статусын алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 132,7 мың этникалық қазақ оралды.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (51,1%) Қытайдан, 31,9% – Өзбекстаннан, 6,4% – Түрікменстаннан, 5,4% – Моңғолиядан , 3,7% – Ресейден және 1,5% басқа елдерден келген.

Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,7% және зейнеткерлер 9,2% болды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-і жоғары білімді, 21,5%-і орта кәсіби білімді, 55,5%-і жалпы орта білімді, және 5,1% білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адам. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 381 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Биыл 617 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 368 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.