Тәжікстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберді

Тәжікстан су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан азаматтарына гуманитарлық көмек жеткізді. Бұл туралы Тәжікстанның төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті хабарлады.

Гуманитарлық жүктерді тапсыру рәсімі Сарыағаш қаласында өтті. Тәжікстан Қазақстанға азық-түлік, ауыз су, құрылыс пен төбе материалдарын жіберді. Душанбе мен Худжандадан 61 вагон мен 13 жүк көлігі келген. Жүктің жалпы салмағы 3,5 мың тонна болды.

Сарыағашқа Тәжікстанның төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің басшысы Р.Назарзода да келді. Оның айтуынша, бауырлас қазақ еліне жеткізілген гуманитарлық көмек Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы, Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмонның тікелей тапсырмасы бойынша жеткізіліп отыр.

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрінің орынбасары мен облыс басшысы тәжік халқына жасаған көмегі үшін алғыс білдірді.