Су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын қолдау үшін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді.
Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев осындай қиын сәттерде күш-жігерді біріктірудің маңызын айтты.
Қоғам мен мемлекеттің әртүрлі деңгейде жұмылуы қиындықтарды жеңудің және табиғи апаттардан кейін қоғамды қалпына келтірудің кілті саналады. Алматы қаласы мәслихатының депутаттарымен және «Атамекен» ӨКП қалалық филиалымен бірге ұйымдасып, Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестермен байланысып, депутаттардың 10 миллион теңге мөлшердегі жеке қаражатына қажет заттарды сатып алдық. Еліміздің бірқатар өңірінде апаттар басталған сәттен бастап мәслихатта ұсынылған партиялардың фракциялары мен депутаттар компаниялары да жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр, — деді Мейіржан Отыншиев.
Фурамен бірге жіберілген гуманитарлық көмек тізіміне тамақ, ауыз су, матрастар, газ плиталары, төсек-орын жабдығы, моторлы қайықтар, құтқару кеудешелері, қаптар, қалта мен қол шамдардың әр түрі, рациялар, резеңке комбинезондар мен етіктер, қолғаптар және тағы басқа кіреді.Қалалық мәслихат депутаты Дулат Тастекеевтің айтуынша, депутаттар көмек жіберу барысында әріптестерімен ақылдасқан.
Бұл көмекті жіберу барысында біз өзіміздің сол жақтағы әріптестерімізбен ақылдасып, қандай заттардың қазіргі таңда қажет екендігін білдік. Сол үшін біздің жіберген заттар арасында арнайы моторлы қайық, резіңке етіктер, қаптар, шамдар, ауыз су деген сияқты қазіргі таңда негізгі керекті дүниелерді жинақтап, бүгін 20 тонна гуманитарлық көмекті Солтүстік Қазақстан облысына жіберіп жатырмыз, — деді мәслихат депутаты.
Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев «Неліктен Солтүстік Қазақстанға көмек жіберіп отырсыздар?» деген сұраққа да жауап берді.
Өзге өңірлерді де бақылап отырмыз. Біздің әріптестеріміз өзге өңірлерге гуманитарлық көмек те, қаржылай көмек те беріп жатыр. Су басқан облыстарға барып, жағдайды көріп келген әріптестеріміз де бар. Осындай себептерге байланысты Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмек жіберуге шешім қабылдадық. Ол жақта да жағдай қиын, — деді ол.