Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған имам жазаланды

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған имам жазаланды. Бұл туралы ҚМБД баспасөз хатшысы хабарлады.

Неке 2022 жылғы 17 қазанда Астанадағы республикалық бас мешітте қиылған.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.

Осы азаматтардан және олардың туыстарынан некенің АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некесін қиып беруін өтінген. Бұл азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қанат Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды, — делінген хабарламада. 

Астанада өтіп жатқан сот отырыс барысында Қуандық Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенованың некесі екі рет қиылғаны мәлім болды.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:

  • Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
  • Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.

Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.