ТЖМ: Қазақстанда 5,4 мың тұрғын үй су астында қалды

Қазіргі уақытта 5,4 мың жеке тұрғын үй су астында қалып отыр. Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабта өткен брифиңде ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлімдеді.

Оның айтуынша, су тасқыны кезеңінің басынан бері 111 мыңнан астам адам құтқарылды.

Қазіргі уақытта 5 411 жеке тұрғын үй, 1 607 аула аумағы және 2 035 саяжай үйі су астында қалып отыр, — деді ол.

ТЖМ өкілі 3,5 мыңға жуық тұрғын үйден және 2 157 аула аумағынан су бұрылғанын атап өтті.

Үйлеріне 11 950 адам оралды. Уақытша орналастыру пунктерінде 6 814 адам, оның ішінде 2 995 бала бар. 9,5 миллион текше метрден астам еріген су тартылды, 2,2 миллион қапшық және 1,2 миллион тонна инертті материал төселді, — деді Ерасыл Сайпаш.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 33 334 адам және 4 066 бірлік техника, оның ішінде 835 су айдау құралдары, 275 жүзу құралдары, 11 әуе кемелері жұмылдырылды.

Сонымен қатар спикер еліміздің сегіз өңірінде жергілікті ауқымдағы 36 ТЖ әрекет ететінін еске салды: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.