Президент Грузия парламентінің төрағасын қабылдады

Президент Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилиді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мейманға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар президент Қазақстан мен Грузия арасындағы достық пен өзара түсіністік екіжақты байланыстарды тереңдету ісінде елеулі табысқа қол жеткізу үшін берік негіз болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалогтың мемлекетаралық қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Бұл ретте «Қазақстан-Грузия» парламентаралық достық тобы ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге айтарлықтай ықпал ете алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандық бизнес Грузия экономикасының түрлі секторында қызмет етеді және екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі кеңейтуге үлес қосып келеді.

Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, футболдан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатының ақтық кезеңіне шыққан достас Грузия халқын құттықтап, сәттілік тіледі.